Абай – қазақ руханиятының шырағы. Ұлы ойшыл, кемеңгер ақынның мұрасы заманның тілімен ұштасып, әлеуметтік желілерде тереңнен таралып жүр. Бұл үрдіс – жастардың ақынның ойшылдық, хакімдік болмысымен танысып, ақиқат пен адамгершілік өнегесін меңгеруіне сеп. Әлеуметтік желіде дала данышпанының мұрасын, даналығын жастар қалай насихаттап жүр?

Әлеуметтік желі қолданушылары Абайдың қара сөзі мен поэзиясын жатқа айтып, челлендж жолдауды дәстүрге айналдырған. Ұлы ойшылдың мұрасын жас ұрпақ осылай өз стилінде таратып жүр. Бұл – руханият пен уақыт тоғысындағы тамаша көпір.

Ағартушының мәңгілік ескерткіш, жүрек пен ақыл үндескен қара сөздерін жұртшылыққа заман тілінде шебер насихаттап жүрген актёр Болат Әбділманов «Абай – әр заманда өз үнін табады» — деп есептейді.

Болат Әбділманов, Актёр, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Халықтың Абайға деген ықыласы мен махаббаты ерекше деп ойлаймын. Абай қазақты саналыққа көтеруді мақсат етті, міне, соған жетіп келе жатқандаймыз. Өйткені Абайды тану – қазақты тану, өзіңді тану. Біз жас ұрпақты Абайдың даналық сөздері мен өлеңдері арқылы тәрбиелеп, оның дәстүрді, тарихты, өмір жолын терең түсіндіретін мұрасымен сусындатуымыз керек.

Ұлы ойшылдың шығармалары жаңа форматта түрлене беретіні хақ. Бұл — Абай мұрасын жаңғыртудың бір жолы болмақ. Ең бастысы Абайға құрмет артып, оның шығармаларынан ұрпақ тәрбие алса иегі.

Айдана Қуантхан