Қашаған мұнай кен орнының операторлары Қазақстанға 4,2 млрд доллар экология айыппұлын төлемейтін болды.
Bloomberg басылымының жазуынша, Қашаған жобасын басқаратын NCOC консорциумына кіретін жетекші мұнай компаниялары — Eni SpA, Shell Plc, Exxon Mobil Corp және TotalEnergies SE — қоршаған ортаға келтірілген залал үшін салынған айыппұлға қатысты апелляциялық сотта жеңіске жетті. Айыппұл сомасы 4 миллиард доллардан асады.
Бұған дейін Қазақстан билігі Қашаған мұнай кен орнын игеріп жатқан консорциум серіктестеріне шамамен 2,3 трлн теңге және сол кездегі бағаммен 5,1 млрд доллар, қазіргі бағаммен 4,2 млрд айыппұл салуды көздеген.
Басылымның жазуынша, Қазақстан билігі Қашаған жобасына қатысушы халықаралық консорциумға қарсы 160 млрд доллар көлемінде халықаралық арбитражға шағым түсірген.
Бұл соманың негізгі бөлігі — мемлекеттің жоғалтқан кірісі. Сонымен қатар, оған экологиялық заңбұзушылықтар мен жемқорлық сипатындағы келісімдерден келген залалдарда кіреді.