0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Алматыда мопед жүргізушілеріне бақылау күшейтілді. Себебі сәуірде жаңа ережелер күшіне енсе де көліктерін тіркетпеген, қауіпсіздік талаптарын сақтамағандар азаймай тұр. Полицейлер бір жарым ай ішінде ережені елемеген 4 мыңға жуық мопед жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тартқан. 1,5 мыңға жуық мопед айыппұл тұрағына қойылды.

Айдана Қуантхан, тілші:

Мына тұрған мопедтің бәрі соңғы бір жарым ай ішінде осы айыппұл тұрағына әкелінген. Көбі – құжатсыз, нөмірсіз жүргендер. Жаңа талап күшіне енгеніне қарамастан, кей жүргізушілер әлі де ескіше әрекет етіп жүр. Ал заң бәріне ортақ. Құжатсыз жолға шыққандар осылай айып тұрағынан бір-ақ шығады.

Мақсат Базарбаев мопедті жақында сатып алыпты. Тіпті құжат жинап үлгермеген.

Мақсат Базарбаев, мопед жүргізушісі:

Нөмірім жоқ, енді алайын деп бара жатқанмын. Бірақ Райымбек көшесінде тоқтатып алды.

Тексеріс кезінде тәртіп сақшылары мопед жүргізушілерінің жаппай құжаттарын тексерді. Мамандар техникасын тіркемеген, жол ережесін бұзып, қорғаныс құралдарын пайдаланбағандарға әзірге ескерту жасады.

Бауыржан Орынбаев, мопед жүргізушісі:

Жасөспірімдер тыйылып, рөлге құжаты бар азаматтар жүрген секілді. Өзіне жауап беретін, саналы адамдар жүрсе керек.

Қалада нақты қанша мопед бары әлі де белгісіз. Бірақ заң күшіне енгеннен кейін Алматыдағы мопед саны едәуір азайды, дейді полиция қызметкерлері.

Тимур Ноғайбаев, қалалық ПД басқарма басшысының орынбасары:

Тіркелмеген мопед құралдары өте көп. Олардың көбісінің құжаты жоқ болуы мүмкін. Күн сайын мопед құралдары тіркелуде. Шамамен күніне 200-500-ге дейін тіркеледі. Тіркелгеннен кейін тәртіп күшейтілді. Тәртіпке мопед жүргізушілері бағынады.

Тәртіп сақшылары мопедтерді тексеруді жалғастыра беретінін айтады. Енді құжатсыз жүрген жүргізушіге жеңілдік қарастырылмайды деп отыр. Ал айыппұл 39 мың теңгеден басталады.

Айдана Қуантхан