Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуларға қатысу кезінде жалған ақпарат пайдаланды деген күдікке ілінген бір топ тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тергеу барысында 2021 жылдан 2024 жылға дейін қылмыстық схемаға қатысушылардың жалған компаниялар арқылы құрылыс жұмыстарын жүргізуге арналған тендерлерде рейтингтерін көтеру мақсатында қолдан жасалған құжаттар мен жалған мәліметтерді пайдаланғаны анықталды.

Мұндай қызмет үшін ұйымдастырушылар 500 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін сыйақы алып отырған.

Заңсыз жолмен алынған жалпы табыс 664 млн теңгеден асып кеткен. Бұл қаражатқа 11 автокөлік пен 12 жылжымайтын мүлік (5 тұрғын үй мен 7 жер учаскесі) сатып алынған.

Тергеу болжамы бойынша, заңсыз әрекеттердің нәтижесінде бірқатар ұйымдармен жалпы сомасы 70 млрд теңгеге жуық келісімшарттар жасалған.

Төрт күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.

Тергеу амалдары жалғасуда.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат жария етуге жатпайды.