Қайықта барлығы 150-ден астам адам болған.

Йемен жағалауында мигранттар мінген қайық апатқа ұшырап, кемінде 68 адам қаза тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Нашар ауа райы салдарынан қайық Абьян провинциясының оңтүстік жағалауында аударылып, суға батты", – деп хабарлады жергілікті билік.

Йемендегі Халықаралық көші-қон ұйымының өкілі Абдусаттор Эсоевтың айтуынша, судан 68 адамның мәйіті шығарылды.

"12 адам аман қалған, ал қалғандары әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Алғашқы мәліметтер бойынша, ондаған адам қаза тапқан, олардың көбі, алдын ала болжам бойынша, Эфиопия азаматтары", – деді Абдусаттор Эсоев.

Халықаралық көші-қон ұйымының (IOM) бағалауынша, соңғы айларда мигранттар отырған кемелердің апатқа ұшырауы салдарынан жүздеген адам қаза тауып, немесе хабар-ошарсыз кеткен.

"Бұл жан түршігерлік оқиға – адамдардың үмітсіздігі мен осалдығын пайдаланатын ар-ұяттан ада контрабандашылар ұйымдастыратын қауіпті сапарға аттанған мигранттарды қорғау тетіктерін күшейтудің аса өзекті екенін көрсетіп отыр. Халықаралық көші-қон ұйымы мұндай қылмыстарға кінәлі адамдарды жауапқа тарту және болашақта осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге шақырады", – деп мәлімдеді ұйым.