3 тамыз күні қол жеткізілген ОПЕК+ елдерінің келісімі аясында Қазақстанға қыркүйек айында мұнай өндіру көлемін тәулігіне 1,55 миллион баррельге дейін ұлғайтуға рұқсат берілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы ұйымның ресми баспасөз хабарламасында айтылған.
Келісім ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіру көлемін жалпы тәулігіне 548 мың баррельге арттыруды көздейді. Бұл шешім тұрақты экономикалық болжамдар мен нарықтағы қолайлы жағдай, атап айтқанда, әлемдік мұнай қорларының төмен деңгейі аясында қабылданды. Осылайша, қатысушы елдер өзара келісілген ерікті шектеулер режимінен жоспарланған мерзімнен бір жыл бұрын — 2025 жылдың қыркүйегінің соңында, яғни 2026 жылға дейін күтпей-ақ шыға алады.
Қазақстан Ресей, Сауд Арабиясы, БАӘ, Ирак, Кувейт, Алжир және Оманмен бірге мұнай өндіру көлемін ұлғайтуға келіскен сегіз елдің қатарына енді. Бұл Қазақстан үшін әлемдік мұнай нарығындағы позициясын нығайтуға және өсіп келе жатқан сұраныс жағдайында экспорттық табысты арттыруға мүмкіндік береді.
ОПЕК+ мәліметінше, қыркүйек айында ең жоғары квоталар келесі елдерге бөлінбек:
- Сауд Арабиясы – 9,978 млн барр./тәулік,
- Ресей – 9,449 млн,
- Ирак – 4,220 млн,
- БАӘ – 3,375 млн,
- Кувейт – 2,548 млн,
- Алжир – 959 мың,
- Оман – 801 мың.