Испанияда 17 жастағы жасөспірім жасанды интеллект арқылы сыныптастарының жалған жалаңаш суреттер жасағаны үшін тергеліп жатыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Тhe Guardian-ға сілтеме жасап.
Валенсиядағы Рибера Альта өңірінің құқық қорғау органдары 17 жастағы бозбаланы өзінің мектептегі қыз сыныптастарының жалған жалаңаш суреттері мен видеоларын жасанды интеллект көмегімен жасап, оларды сатуға тырысқаны үшін тергеп жатыр.
2024 жылғы желтоқсанда бір оқушы қыз өзінің атымен ашылған парақшадан жасанды интеллект арқылы жасалған видео табылғанын айтып, полицияға жүгінген. Guardia Civil мәлімдемесінде:
"Бұл парақшада кәмелетке толмаған бірнеше адамның суреттері пайда болған. Барлық сурет өңделіп, жалаңаш кейіпке келтірілген", – делінген.
Сол оқушы екінші фейк аккаунт пен коммерциялық мақсатта жасалған басқа да парақшаларға қатысты шағым түсірген. Кейін тағы 15 кәмелетке толмаған оқушы осындай шағым жасаған соң, тергеушілер бұл іспен қыздардың бірімен бірге оқитын оқушы айналысқан болуы мүмкін деген тұжырымға келген.
Полиция әлеуметтік желілерді, хостинг компанияларын, және сурет өңдеуге арналған сайттарды зерттеу арқылы күдіктінің ізіне түскен. Платформалардан алынған IP-адрестер мен пайдаланушы мәліметтері бір оқушының үйіне апарған. Аккаунттарда қолданылған электрон пошталар да бір адамға тиесілі екені анықталған.
Қазір 17 жастағы бозбала "кәмелетке толмағандарды бұзу" бабы бойынша тергеліп жатыр. Істі Валенсиядағы жасөспірімдер ісі жөніндегі сот қарап жатыр.
Айта кетейік, былтыр да осындай іс болған. Испанияның Экстремадура өңірінде 15 жасөспірім қыздардың бет-бейнесін әлеуметтік желілерден алып, жалаңаш денелерге жапсырып, жалған суреттер жасағаны үшін бір жыл сынақ мерзіміне сотталған. Олар WhatsApp топтарында бұл фотолармен бөліскен.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!