Жетісу облысының Көксу ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Бұл жайтты өңірлік экологиялық прокуратура жүргізген тексеріс нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Полигон мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысынсыз және қоршаған ортаға зиянды заттар шығаруға рұқсат алмай жұмыс істеген.

"Полигонды жабу, жерді қалпына келтіру және ластану деңгейін бақылау мақсатында міндетті түрде құрылуға тиіс жою қоры жасақталмаған. Оның үстіне, полигонда қоқыс жинау көлемі бекітілген лимиттен екі есе асып кеткен", — деп түсіндірді қадағалаушы орган өкілдері.

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша полигон иесі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, 340 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Полигон сенімгерлік басқарудан алынып, мемлекет меншігіне қайтарылды.