26 мамырда №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының ортопед-дәрігерлері мен травматологтары балаларды тегін тексереді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл акция балалар арасында тірек-қимыл жүйесі ауруларының алдын алу және ортопедиялық әрі травматологиялық бұзылуларды ерте анықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр, деп жазды аурухананың баспасөз қызметі.
"Дұрыс жүріс-тұрыстың бұзылуы, жалпақтабандылық, сколиоз, сондай-ақ тұрмыстық және спорттық жарақаттардың салдары – ортопед пен травматологқа жүгінудің жиілеп бара жатқан себептері. Мұндай аурулардың басым бөлігін ерте кезеңде анықтап, түзетуге болады", – деп ескертеді астаналық мамандар.
Іс-шараға қатысу үшін ақы төлеу талап етілмейді. Дегенмен дәрігерлер медициналық мекеменің сайтында алдын ала тіркеліп қойған дұрыс екенін айтады.