Отбасы банкінің функциясы өзгерді. Ертеңнен бастап тұрғын үй кезегінде тұрғандардың тізімі жергілікті атқарушы органдардан Отбасы банкі базасындағы орталықтандырылған платформаға өтеді. Бұл жайында бүгін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері брифингте хабарлады. Баспана кезегін біріктіруге қажеттілік неден туындады? Мамандар не дейді?

Біріншіден, бұл ашықтықты және бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта баспанаға шын мұқтаждар ғана ие болуы керек деген пайым басты назарда болмақ. Тізімге заңсыз енуге жол жоқ. Бүгінде ел бойынша 650 мыңнан астам адам мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың қатарында ардагерлер, жетім балалар, көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топ санатындағы жандар, мемлекеттік қызметкерлер бар. Былтыр қараша айында Президент Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заңға қол қойды. Осы түзетулер сол құжаттың аясында күшіне еніп отыр.

Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы:

- Енгізілген түзетулер шеңберінде Отбасы банкі тұрғын үйді есепке алуды, қоюды және бөлуді жүзеге асыратын ұлттық даму институты болып қайта құрылды. Кезектің ағымдағы ақпараттық жүйесі 24 мамырға дейін жұмыс істейді, одан кейін кезекте тұрған барлық азаматтар Отбасы банкіне беріледі.

Былтыр республика бойынша 9 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл шамамен 172 мың отбасының жаңа пәтерге қоныстанғанын білдіреді. Оның ішінде мемлекет есебінен 30 мыңнан аса пәтер салынды. Бұл тізімде халықтың әлеуметтік осал топ санатына жататын 9 мыңға жуық азамат жеңілдетілген займға қол жеткізгенін айта кету керек. Биыл да бұл үрдіс жалғасады. 12 мың кредиттік баспана, сонымен қатар жалдамалы тұрғын үймен қамту мақсатында 5 мың пәтер беру көзделіп отыр.

Отбасы банкі елдегі баспанасыз жүрген азаматтарды үй-жаймен қамтуға көмектесетін бірден-бір жаңа институт болып қайта құрылып жатыр. Кезекке тұрудың жаңа талаптары бар ма?

Бұған дейін баспана кезегіне алынғандар тізімнен түсіп қаламын деп алаңдамауына болады. Себебі қазір жергілікті әкімдіктерде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар автоматты түрде жаңа жүйеге көшіріледі. Тағы айта кетерлігі, жаңа базада кезек азаматтың тізімге енгізілген жылына, төлем қабілеттілігіне, табыс көзіне байланысты жылжиды. Осы көрсеткіштерге қарай түрлі жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар ұсынылады.

«Тұрғын үй саясатын реформалау аясында заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістерге байланысты 2025 жылдың 24 мамырынан бастап «Отбасы банк» АҚ Ұлттық даму институтына айналады. Бұл нені білдіреді? Қазіргі таңда азаматтарымыз жергілікті әкімдікте кезекте тұрса, енді олар 24 мамырдан бастап «Отбасы банк» арқылы орталықтандырылған жүйе, яғни «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» деп аталатын платформа арқылы тіркеле алады. Осылайша 18 жастан асқан, соңғы 5 жылда жекеменшік баспанасы болмаған немесе тұрып жатқан баспанасы апатты деп танылған Қазақстан азаматтарының барлығына тұрғын үй кезегіне тұру мүмкіндігі беріледі» — Меруерт Ғалымқызы, «Отбасы банк» АҚ Орталық филиалы Бизнесті дамыту басқармасының басшысы.

Баспана кезегіне тұру, оны көру, тиімді бағдарламаларды таңдау процестері жеңілдейді. Әрбір азамат отбасы банк бөлімшелеріне келмей-ақ, өзінің электронды цифрлық кілті арқылы порталға кіріп, кезекке тұрып, оны бақылай алады. Тұрғын үй бағдарламалары жайында «Баспана маркет» платформасынан білуге болады.

Қазір үй бағасы тұрақты дей аламыз ба? Сарапшылар бақылауы, болжамы қандай? Үйге сұраныс қаншалықты?

Тұрғын үй нарығының бел ортасында жүрген риэлторлармен тілдестік. Айтуларынша, былтыр елімізде баспана бағасы орта есеппен 8% өскен. Жыл аяғына дейін 21 млн шаршы метр тұрғын үйге сұраныс болады деген болжам жасалды. 4 айда 45 100 пәтер пайдалануға берілген. Биылдың өзінде баға 6,5% өскен. Мамандардың пікірінше, қымбатшылыққа сыртқы нарық, доллар бағамы, елдегі салық саясатындағы өзгерістер секілді факторлар әсер етіп отыр.

Қайталама нарықтағы пәтерлерге сұраныс басым

Ілияс Қартжанов, риэлтор:

- Төлем қабілетіне келер болсақ, 60%-тен жоғары халқымыздың көбі ипотекалық программалар арқылы пәтер алғысы келеді. Олардың көбінесе статистика бойынша қолма-қол төлеп алатындар аз. Қазіргі нарықтағы бағалар, ақпараттық шу дейді ғой, ҚҚС, инфляция, валютаға байланған құрылыс материалдары болсын, логистика – барлығы бағаға қатты әсер етіп жатыр.