1 тамыз күні Astana Arena стадионында америкалық әнші Дженнифер Лопестің концерті кезінде әншінің жанкүйерлері жанжалдасып қалды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Шоу біткен соң көрермендер стадион аумағынан жаппай шыға бастаған, соның салдарынан шығу жолдарында ұзын-сонар кептеліс пайда болған.
Блогер Сырым Итқұловтың хабарлауынша, концерт кезінде бірнеше әйел жанжалдасып та қалған. Оның айтуынша, секторлардың бірінде жанкүйерлер бір-бірін итеріп, алға ұмтылуға тырысқан, бұл жағдай басқалардың наразылығын тудырып, ауызша кикілжің мен төбелеске ұласуға шақ қалған.
Айта кетейік, Дженнифер Лопес 2025 жылғы 8 шілдеден бастап соңғы 6 жылдағы алғашқы турын бастады. Up All Night атты бағдарламасы аясында ол 1 тамызда Астанада, ал 10 тамызда Алматыда концерт өткізеді. Астанадағы концерт аншлагпен өтті. Сондай-ақ, Джей Ло концерт барысында қазақстандықтарға сүйіспеншілігін білдірген еді.