АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге екі ядролық сүңгуір қайық жіберуге бұйрық бергенін мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол 1 тамызда Newsmax-қа эксклюзив сұхбат бергенде айтты.

"Ресейдің бұрынғы президенті, қазір Қауіпсіздік кеңесінде маңызды лауазым атқарып отырған Медведев ядролық қаруға қатысты өте қауіпті мәлімдеме жасады. Ал "ядролық" деген сөзді естіген сәтте бірден елең ете қаламын. "Абай болу керек, бұл – ең үлкен қауіп" деймін ішімнен", – деді Трамп.

АҚШ президентінің айтуынша, ресейлік саясаткер мұндай мәлімдеме жасамауы керек еді. Ол бұрыннан-ақ шектен тыс өткір пікірлер айтып жүрген, бұл жолы да сол әдетінен жаңылмаған, деді Трамп.

"Сол себепті сақ отырған жөн. Мен аймаққа екі ядролық сүңгуір қайықты жібердім. Оның айтқаны бос сөз екеніне көз жеткізгім келді", – деді АҚШ президенті.

Журналист Трамптан сүңгуір қайықтардың шынымен Ресейге жақындаған-жақындамағанын нақты сұрады.

"Олар Ресейге жақын. Иә, жақын", – деп жауап берді Трамп.

Айта кетейік, жұмада АҚШ басшысы Truth Social әлеуметтік желісінде Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің "арандатушы" мәлімдемелеріне жауап ретінде екі ядролық сүңгуір қайықты орналастыруға бұйрық бергенін жазған болатын.

Бұған дейін Медведев АҚШ президенті Трамптың атына айтқан сыни пікірлеріне жауап берген. Ол пікірлер АҚШ-тың Ресейге Украинадағы соғысты реттеу үшін белгіленген мерзіміне қатысты шыққан болатын.

29 шілдеде АҚШ президенті Владимир Путинге Украинадағы соғысты 10 күн ішінде тоқтатуға уақыт берген. Бұл мерзім өткен соң Вашингтон Мәскеуге уәде етілген кедендік баж салығын енгізетінін мәлімдеген.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget