Екі кезеңнен тұратын ұлттық жобаға барлығы 300 мың агроқұрылым мен екі миллионға жуық үй шаруашылығы қатысады деп жоспарланып отыр.
Бұл аграрлы сектор саласын толық түгендеп, ескі деректерді жаңартуға мүмкіндік береді. Маңызды науқан өңірлерде қалай ұйымдастырылады?
Бәйтерек ауылының тұрғыны Жұпархан Мұсабаев 200-ге жуық жылқы, сиыр, мен қой ұстайды. Төрт түлігі түгел тіркелген. Бірақ жайылымы жоқ. Сондықтан шаруа мал санағы арқылы әр басына бағатын жер берілсе дейді.
Жұпархан Мұсабаев, шаруа:
-Бұл ең бірінші керек шаруа ғой біз үшін. Ең бірінші қажетті шаруа ғой мал санағы жүргізу. Мал санағы, оған сәйкес жер болса. Жер болмағаннан кейін мал ұстауға мүмкіндік болмай тұр ғой. Әйтпесе осы мына Бәйтерек ауылындат тұратын осы халықтың енді 100 проценті демейін, енді әйтеуір 50-60 пайызы мал ұстайды.
Қазір санақтың бірінші кезеңі басталды. Респонденттер сайттағы сауалнама парағын тамыздың соңына дейін толтырып тапсыруы тиіс. Ал интернеті жоқ жерлерде өзіне-өзі қызмет көрсету орындары жұмыс істейді. Солтүстік Қазақстан облысында ондай 230 пункт ашылды.
Нариман Тасболатов, ветеринария басқармасы бөлімінің басшысы:
- Ауыл шаруашылығы санағы өңірімздегі ауыл шаруашылығының нақты санын анықтауға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпараттық жүйесінде 298 мың ірі қара мал басы, 461 мыңға жуық ұсақ мал басы, 152 мыңға жуық жылқы және 141 мыңға жуық шошқа тіркелген.
Қостанай облысы
Қостанай облысында бір миллионға жуық ірі қара, жылқы мен қой бар. Статистика департаментінің мәліметінше, бұл тізім толық қамтылмаған. Мысалы ұсақ шаруашылықтардың мал басы осыдан 20 жыл бұрын түгенделген. Сондықтан бұл науқанның маңызы өте зор, — дейді мамандар.
Ольга Панченко, Ұлттық статистика бюросы департаменті басшысының орынбасары:
- Қостанай облысында өзіне-өзі қызмет көрсететін 153 орын бар. Олар жергілікті әкімдік пен статистика бөлімдерінде орналасқан. Өңірде санақ кезінде бір мың ауыл шаруашылығы кәсіпорны, 7 мыңға жуық шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкер қамтылады.
Санақтың екінші кезеңі 20 қыркүйектен бастап бір айға жалғасады. Ол офлайн түрде өтеді. Науқан кезінеде мал басы, жерді пайдалану, техникалық жабдықталу, өнім өткізу мен еңбек қатынасына қатысты мәліметтер толық жаңартылады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Наталья Строкова, Төлеген Иманов