Қостанайда полицейлер автокөліктегі өрттің алдын алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Инспекторлар Әділжан Шәріпов пен Ерлан Жасәділ Баймағамбетов көшесінде патрульдеу барысында жүксалғышынан түтін шығып жатқан BMW көлігін байқайды. Полицейлер дереу әрекетке көшіп, біреуі өрттің ошағына жол ашу үшін жүксалғыштағы кілемшелер мен басқа да заттарды алып тастаса, екіншісі өрт сөндіргішті алып, жалынды сөндіре бастады.

Өртті өз күштерімен сөндіру мүмкін болмаған соң, олар өрт сөндірушілерді шақырды. Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, отты толықтай сөндірді.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан.

Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Көлік иесі полицейлер мен өрт сөндірушілерге көрсеткен көмектері үшін алғысын білдірді.