Петропавлда жедел жәрдем дәрігерлері 75 жастағы науқасты клиникалық өлімнен алып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Басылымның жазуынша, 30 шілде күні түн ортасында Петропавл қаласындағы жедел медициналық жәрдем стансасына 75 жастағы ер адамның жағдайы нашарлағаны туралы шақырту келіп түскен. Науқастың қан қысымы көтеріліп, қатты терлей бастаған.
Оқиға орнына дәрігерлік бригада небәрі 8 минут ішінде жеткен.
Дәрігерлер келгенде қария кеудесінде қатты ауырсыну барын айтып шағымданған. Тексеру барысында оған жедел трансмуральды миокард инфаркті диагнозы қойылыпты.
"Дәрігерлер ST сегментінің көтерілуімен жүретін жедел коронарлық синдром хаттамасына сәйкес шұғыл көмек көрсетті. Жағдайы біршама жақсарғанымен, науқасты кардиология орталығына жеткізу кезінде оның қан айналымы тоқтап қалды. Реанимобиль ішінде халықаралық ACLS стандартына сай жүрекке жанама массаж, Амбу қалтасы арқылы жасанды тыныс алдыру және кейін трахеяны интубациялау жүргізілді. Дефибриллятор мониторы жүрек соғысының электрлік белсенділігінің болмағанын көрсетті. Кейін шокты ырғақ пайда болған кезде дефибрилляция жасалды. Реанимациялық және интенсивті ем-шаралар нәтижесінде қан айналымы қалпына келіп, науқас өздігінен тыныс ала бастады", — деп хабарлады жедел медициналық жәрдем орталығының мамандары.
Науқасқа вазопрессорлық қолдау көрсетіліп, ол әрі қарай мамандандырылған ем алу үшін кардиологиялық орталықтың дәрігерлеріне тапсырылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз