2025 жылғы 1 тамызда ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа Салық кодексіндегі қымбат мүлік пен көлікке салынатын салыққа қатысты нормаларды түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомство мәлімдегендей, жаңа Салық кодексінде жеке "сән-салтанат салығы" (яғни байлыққа салынатын салық) енгізу қарастырылмаған. Алайда құжатта жекелеген жеке тұлғалардың жоғары құнды мүлкіне салық салу тәртібі бекітілген.

Атап айтқанда, мынадай мүлік түрлеріне арнайы мөлшерлемелер бойынша салық және (немесе) акциз салынады:

  • Құны 18 000 АЕК және одан жоғары автокөлік құралдарына – көлік құнының 10%-ы мөлшерінде акциз салынады.
  • Құны 24 000 АЕК және одан жоғары яхталар мен ұшақтарға – 10% акциз қолданылады.
  • Құны 500 000 теңгеден асатын алкоголь өнімдеріне – әр литрге шаққандағы құнының 10%-ы мөлшерінде акциз.
  • Құны 10 000 теңгеден асатын темекі өнімдері (сигаралар) – бір дана үшін құнының 10%-ы мөлшерінде акциз.
  • Бір тұлғаның атына тіркелген құны 450 миллион теңгеден асатын тұрғын жылжымайтын мүлік (үй, пәтер және т.б.) – 2% мөлшерінде мүлік салығына жатады.

Жылжымайтын мүлік құнын қалай анықтайды?

"Жеке тұлғалардың салық салу мақсатындағы жылжымайтын мүлік нысандарының құнын есептеуді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады. Әдетте, бұл бағалау нарықтық құннан едәуір төмен болады", — делінген хабарламада.

Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерге салық заңнамасындағы өзгерістермен алдын ала танысып шығуды, қажет болған жағдайда Мемкіріс органдарынан кеңес алуды ұсынады.