Күзгі телемаусымда "Хабар" телеарнасы айтысқа жаңаша тыныс беріп, ата дәстүрдің алдаспанын көрерменге ерекше форматта ұсынғалы отыр. Ұлтымыздың рухани қазынасын жиырма жылдан аса насихаттап келе жатқан арна "Жекпе-жек Айтыс" тележобасын әзірлеу үстінде.

"Хабар" Агенттігінің 30 жылдығы аясындағы "Жекпе-жек Айтыс" телевизиялық жобасында қазақтың таңдаулы 16 ақыны бақ сынайды. Олардың қатарында Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, Мұхтар Ниязов, Айбек Қалиев сынды үздіктер бар. Айтыс аламанын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы" қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары, елге танымал айтыскер ақын Аманжол Әлтай жүргізеді.

Ақындар алдын ала жеребе арқылы жұпталып, сегіз жұп болады. Әр жұптан жеңілген ақындар жобамен қош айтысып, жеңген сегіз ақын екінші айталымға өтеді. Екінші айналымда жеңілген ақындар да жобадан шығып, жеңген төрт ақын жартылай финалға өтеді. Жартылай финалда оза шапқан екі ақын финалда бақ сынайды.

Қазылар алқасының құрамына ақын, айтыс абызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, Қазақстанның Халық ақыны Әсия Беркенова және белгілі айтыс ақыны Бауыржан Халиолла кірді.

"Жекпе-жек Айтыс" — мәйекті сөзге қанып өскен қалың көрерменге тың дүние ұсынып, бекзат өнерді дәріптеу арқылы ұлттық құндылықтарымызды асқақтатуды көздеген жілікті тележоба. Бүгінгі айтыс жаңа деңгейге көтеріліп, жастар оны заманауи форматта көретіні біз үшін аса маңызды", — деп атап өтті "Хабар" Агенттігінің Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев.

Жобаның бас демеушісі – Magnum компаниясы. Бас жүлде иегеріне "Q4 Тұлпар" автоорталығының директоры Талғат Сахан заманауи кроссовер тігіп отыр. Сонымен қатар жобаға қатысқан барлық ақынға ақшалай сыйақы қарастырылған.

Жобаның премьерасы қыркүйек айында болады. Жеңімпаз 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында белгілі болады.

"Хабар" телеарнасының жаңа маусымында жүздескенше, айтыссүйер көрермен!

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз