1/8 финалға шыққаны үшін Рыбакина 56 703 АҚШ доллары көлемінде сыйақы және 120 рейтингтік ұпай иеленді.

Турнирдің үшінші айналымында қазақстандық теннисші румыниялық Жаклин Кристианды (WTA №52) екі сетте сенімді түрде жеңді — 6:0, 7:6(5). Осыған дейін қарсыластар өзара екі рет кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы бірінші партияда Рыбакина Кристианға еш мүмкіндік қалдырмады — 6:0. Тартысты өрбіген екінші сетте тай-брейкте Елена таразы басын өзіне аудара білді — 7:6 (7:5). Бір сағат 23 минутқа созылған бәсекеде қазақстандық спортшы 8 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды.

Келесі айналымда Рыбакинаның қарсыласы украиналық Даяна Ястремская (WTA №35) болады. Ол үшінші айналымда әлемнің 11-ракеткасы, америкалық Эмма Наварроны 7:5, 6:4 есебімен ұтты.

Осылайша Чемпиондық жарыстың жалпы рейтингінде Рыбакина сегізінші орынға көтерілді. Ол италиялық Жасмин Паолиниді артта қалдырды. Маусым соңында осы рейтингтегі үздік сегіз ойыншы WTA маусымдық қорытынды турниріне қатысады.