Еске сала кетсек, Toyota Land Cruiser көлігін тізгіндеген жүргізуші басқару тетігінен айырылып, салдарынан көлік аударылып кеткен.
Жамбыл облысында орын алған ауыр жол апатына байланысты спортшы Шавкат Рахмоновтың әйелі – Гүлайым Рахмонова қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Көлікті жүргізген – Гүлайым Рахмонова болуы мүмкін деген болжам бар. Ол сол кезде ұлымен және құрбыларымен бірге Қарағандыдан Алматыға бет алған.
Апат салдарынан 39 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмды, тағы бір әйел ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды. Гүлайым Рахмонова мен ұлы Шу қалалық ауруханасына жеткізілді.
Адвокаттар түсіндіргендей, егер апат жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан орын алғаны дәлелденсе және адам өліміне себеп болғаны анықталса, жүргізушіге 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ 7 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
"Мұндай істерде міндетті түрде техникалық сараптама жүргізіледі. Мысалы, апатқа дөңгелектің үзіліп кетуі немесе тежегіш жүйесінің ақауы себеп болуы ықтимал. Бірақ егер апат тікелей жүргізушінің маневрінен туындаса – бұл мүлде басқа жағдай", – деді адвокат Евгений Яровский.