Екі баласын терезеден лақтырған павлодарлық 34 жастағы әйел, көршілерінің сөзінше, былтыр жалғыз өзі терезеден секірген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
30 шілде сағат 13.00 шамасында көпқабатты тұрғын үйдің подъездіндегі 4 және 5 қабат арасындағы терезеден 1991 жылы туған келіншек алдымен бір жасар ұлын, кейін жеті жасар ұлын лақтырып жіберіп, артынан өзі де секірген. Үшеуі де подъездің төбесіне құлаған. Бүгінде екі баланың жағдайы аса ауыр. Олар түрлі жарақатпен жансақтау бөлімінде ем-дом қабылдауда.
Ал әйелдің өзінің аяқ-қолы сынып, бас жарақатын алған. Ол да жансақтау бөлімінде дәрігерлердің қарауында. Бұл ретте тергеу амалдарын бастаған полиция қызметкерлері екі қылмыстық іс қозғады.
Өкінішке қарай, қайғылы жағдай аулада ойнап жүрген балалардың көз алдында болған. Сол үйдің 8 жасар тұрғыны достарымен есік алдында ойнап жүрген кезде әлгі келіншек терезеден айғайлап, балалардың ауладан ары қарай кетуін өтінгенін айтты.
Сол үйдің тұрғындарының сөзінше, бұл отбасы үшінші қабатта тұрады. 34 жасар әйелдің жолдасы бар. Оқиға болған уақытта ол жұмыста болған.
"Күйеуі жұмыста, өзі үнемі балалармен бірге аулада жүретін. Көршілердің бірі оқиғадан сәл уақыт бұрын келіншектің кішкентай баласымен үйден шығып жатқанын көріпті. Арада көп уақыт өтпей жатып осындай қайғылы жағдай туралы естідік. Негізі ол былтыр да терезеден секірген. Сол тұста ауруханаға алып кетіп, емделіп шықты. Қазіргі күні, былтырғы жарақаттың салдары болуы керек, ақсаңдап жүреді", – дейді Владимир есімді көршісі.
Павлодар облысы бойынша балалардың құқығын қорғау жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шакенованың айтуынша, әйел былтыр бала босанғаннан кейінгі жағдайына байланысты дәрігердің есебінде тұрған. Соңғы рет осы жылдың 1 шілдесінде дәрігердің қабылдауында болған. Келіншектің жағдайы тұрақты болғандықтан, медицина маманының дабыл қағатын негізі де болмапты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз