1975 жылдың жазы. Бір күні зайсандық студенттер жерлестердің кездесуіне шақырды. Сол кеште сегіз, қырлы, бір сырлы азамат Бітімхан Қошпанов ерекше көзге түсті. Құрманғазы мен Динаның күйлерін орындаған кезде күйшілік шеберлігімен тәнті етті. Арасында ән де шырқады.

Бұдан кейін Б.Қош­пановпен сан мәрте кездестік, өмір жолына қанықтық. Орта мектепті алтын медальға бітірген Бітімхан Семейдегі медициналық инс­титутқа бір ғана химия пәнінен емтиханды бес деген бағаға тапсырып, студент атанады. Студент кезінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жан-жақтылығымен көзге түскен талапты жасты Өскемендегі облыстық аурухананың бас дә­рігері В.Охода қызметке шақы­рады. Ол кезде оқу бітірген дәрігерлерді қызметке қабылдау жергілікті мекеме басшыларының ұйғарымымен жүзеге асырылатын. Бітімхан хирургияны ерекше ұнататын. Алайда сол мезетте бұл мамандыққа орын жоқ болатын. Содан жас дәрігер туған өңірі Зайсанға келіп, бастапқы жарты жылда терапевт болып, содан соң өзі ұнатқан хирург мамандығы бойынша қызметке кірісті.

Ел құрметіне бөленген Қалел Қалимолдин, Әлімхан Ысқа­қов сынды хирург ағалары іс-тәжірибесін жас маманға үй­ретуден жалықпады. Сол кезде аудандық аурухана бір мезгілде небәрі 25 адамды қабыл­дай алатын. Сырқат жандар аурухана­ға орналасуға ұзақ уақыт кезек күтетін. Ақыры аурухана дә­рігерлерінің табандылығы нәти­жесінде, аудан басшылары тұйық­тан шығып, төсек санын 65-ке дейін ұлғайтты.

– Жаңылыспасам, 1981 жыл болатын, – дейді Б.Қошпанов осыдан 44 жыл бұрынғы оқиғаны еске алып. – Бір күні ата-анасы үш жасар Медет Байботанов деген баланы алып келіп, Алматы, Семей, Өскемен қалаларындағы дәрігерлерге көрсеткенімен, шипа болмағанын, менен көмек сұрайтынын айтты. Тексере келе Медеттің бүйрегінде ісік барын анықтадым. Ол кезде қазіргідей қуатты қондырғылар жоқ. Сырқат баланың жағдайы нашар. Тұрған жерінде құлап қала береді. Ақыры батыл шешімге келіп, шұғыл операция жасап, бүйректегі ісікті алып тастадым. Сол Медет қазір аман-есен жүріп жатыр.

Алтын қолды хирург аудандық ауруханада 46 жыл тапжылмай қызмет етті, оның 36 жылында бөлімше меңгерушісі болды. Осы уақытта 40 мыңға тарта операция­ны сәтті жасады. Б.Қошпанов әрдайым білімі мен тәжірибесін ұштауға назар аударады. Аудан­дық ауруханада қызметте жүр­генде Мәскеу, Ленинград, Алматы сияқты ірі қалаларға барып, білімін жетілдіру курстарында оқыды, тәжірибе жинады. Алматыда жарты жыл, Ташкентте төрт ай оқуда болған сапары нәтижесін берді.

2017 жылы аудандағы белгілі кәсіпкер, «Құрмет» орде­нінің иегері, өңірде ондаған әлеу­меттік-мәдени мақсаттағы ғи­мараттар тұрғызған Болат Икеп­ұлы Нұрасыл «Туған жерге туыңды тік» бастамасына үн қосып, өз қаржысына халыққа медициналық қызмет көрсететін «Сапа» орталығын ашып, екі қабатты ғимарат салып берді. Мекемені басқаруға іскер маман Бітімхан Қошпановты шақырады. Өз атындағы орталық ашылғалы бергі сегіз жылда ондаған мың адамға медициналық қызмет көрсетілді. Хирургтің айтуынша, асқазан, бауыр, өт жолдары, сынық түрлеріне, гинекология сырқаттарына операция жиі жасалады.

Зайсанның көрікті жері­нен қоныс тепкен «Сапа» меди­циналық орталығында операция жасайтын, сырқаттарды қабылдайтын орындар, зертханалар заманауи талапқа сай. Гемодиализ қондырғысы да жаңа. Ауданда қос бүйрегі жұмыс жасамайтын бірнеше адам осы орталықта ем-дом қабылдайды. Оған бюджеттен қаржы бөлінеді. Орталықта 10 дәрігер, 9 медбике еңбек етеді. Мөлдір Қосбаева, Айтолқын Сайлаубекова, Роза Оразбаева, Шырын Жанғозина, Жанат Отарбаева сияқты білікті дәрігерлер мен медбикелер сырқаттарға сапалы қызмет көр­сетеді. Орталық қызметкерлері мұнда барлық жағдай жасалғанын, Б.Қошпановтың білімі мен білік­тілігі нәтижесінде ұжым ауда­н тұрғындарының құрметіне бөлен­генін, емделушілер санының ұлғая түскенін айтады.

Б.Қошпанов «Құрмет» орде­нінің, «Шапағат» медалінің иегері, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Зайсан ауданының құрметті азаматы, Семей медицина инсти­тутының «Құрметті түлегі», түрлі алғыс хаттар мен мақтау грамоталары өз алдына бір төбе. Бір­неше рет облыстық, аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланып, тұрғындардың проб­лемаларын шешуде белсенділік танытты. Өнерлі жан аудандағы «Бәйтерек» ансамблін басқарып жүр. Өткенде, «Домбыра» күнінде жерлестері алдында күмбірлетіп күй шертті.

– Кейде көрші Тарбағатай, Күршім, Марқакөл аудандарынан хабарласып, күрделі операция жасауға қатысуымды өтінеді. Ондайда бірден келісімімді бере­мін. Біз адам жанының арашашысымыз, халықтың денсаулығы мықты болса, еліміз соғұрлым дамып, өркендей бермек. Мен өзімді бақытты адам санаймын, өйткені ғұмыр бойы мамандығыма адал, антыма берік болдым, – дейді Б.Қошпанов.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы