Түркия Статистика институты (TÜİK) 2022–2024 жылдарға арналған өмір сүру ұзақтығына қатысты жаңартылған деректерін ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, елде туған кездегі күтілетін орташа өмір сүру ұзақтығы 78,1 жасқа жеткен. Бұл көрсеткіш 2021–2023 жылдары 77,3 жыл болған еді.
Статистика әйелдер мен ерлер арасындағы өмір ұзақтығында айтарлықтай айырмашылық барын көрсетіп отыр. Әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы – 80,7 жыл, ал ерлердікі – 75,5 жыл. Жыныстар арасындағы бұл айырмашылық 5,2 жылды құрайды.
TÜİK ұсынған мәліметке сай, әр жастағы тұрғындардың алдағы өмірі шамамен былай есептеледі:
-
15 жастағы азаматтар үшін – 64,3 жыл (ерлер – 61,7 жыл, әйелдер – 66,9 жыл);
-
30 жастағы адамдар үшін – 49,9 жыл (ерлер – 47,5 жыл, әйелдер – 52,3 жыл);
-
50 жастағылар үшін – 30,9 жыл (ерлер – 28,6 жыл, әйелдер – 33,1 жыл);
-
65 жастан асқандар үшін – 18 жыл (ерлер – 16,3 жыл, әйелдер – 19,6 жыл).
Зерттеуде білім деңгейі мен өмір ұзақтығы арасындағы өзара байланыс та айқындалған. Жоғары білім алған адамдар аз білім алғандарға қарағанда орта есеппен 5 жылға ұзақ өмір сүреді. Бұл үрдіс әйелдер мен ерлер арасында да сақталып отыр.
Биыл алғаш рет “сау өмір сүру ұзақтығы” көрсеткіші де жария етілді. Бұл – адамның күнделікті өмірде ауыр шектеулерсіз белсенді өмір сүретін кезеңі. Туғаннан кейінгі мұндай кезеңнің ұзақтығы орта есеппен 57,6 жылды құрайды. Ерлер үшін – 58,9 жыл, ал әйелдер үшін – 56,3 жыл. Осылайша, ер адамдар әйелдерге қарағанда денсаулық жағынан белсенді өмірді орта есеппен 2,6 жылға ұзағырақ кешеді.