Әсіресе Ақкөл, Бөкейхан елді мекенінің тұрғындары қиындық тартып отыр.

Жазда салқындатқыш қосса, ескі желілердің қуаты жетпей қалатын көрінеді. Жауаптылар бұл түйткілді қалай шешпек?

Асланбек Шығыр, тілші:

- 5 мыңға тарта тұрғыны бар Ақкөл ауылында қазір жарық мәселесі күрделі. Өйткені мына тұрған электр бағаналары өткен ғасырдың 70-жылдары салынған. Тұрғанына жарты ғасырдан асқан желілер қазір әбден ескірген.

Талғат Төлемісов Ақкөл ауылында 50 жылдан бері тұрады. Айтуынша, электр желілерінің ескіруі себепті елдімекенде жарық жиі сөнеді. Одан бөлек көше жарығының болмауы мектеп оқушылары үшін қиын, дейді ол.

Талғат Төлемісов, Ақкөл ауылының тұрғыны:

- Өткен ғасырдың 70-жылдары теміржол жүрген мезгілде осы электр жүйелері, ескі жүйе салынды ғой. Содан бермен қарай келе жатыр ғой енді. 55 жыл болып отыр биыл. Енді 50 жылда ел жаңа, дейді ғой. Көше жарықтарының кішкене аз болуы, мынау әсіресе мектеп оқушыларының қыс мезгілінде екінші кезектен кеш шығады. Қараңғы түсе шығады. Сол мезгілде көше жарықтарының болмауы өте қатты қиын.

Бұл проблеманы шешу үшін жауаптылар 2023 жылдан бері ескірген желілерді жаңартуға кіріскен. Бюджеттен бөлінген 370 млн теңгеге 40 шақырымға жуық электр желісі ауыстырылды. Қазір электр қуатын жеткізуші мекемемен келісімшарт жасалып жатыр, дейді ауылдық округ әкімдігінің бас маманы.

Еркебұлан Қайыр, Ақкөл ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

- Қазіргі уақытта 16 трансформатор ауыстырылды Ақкөл ауылдық округі бойынша. 40 км жуық электр желілері, сонымен қатар 1080 бағана орналастырылды. Электр шамдары 465. Осындай көлемде жұмыстар орындалып, қазір жүргізілді. Құжаттарды рәсімдеуді күтіп отырмыз.

Бөкейхан ауылының тұрғындарын да ескірген трансформаторлардың жайы алаңдатады. Тозған желілер де жазда ыстыққа, қыста аязға шыдаймайды дейді.

Ақылбек Сәрсенбаев, Бөкейхан ауылының тұрғыны:

- Бұл жазда істемей қалады. Бұл жерде көптеген үйлер қосылған. 70-80 шақты. Үлкен кісілер бар, ауру-сырқау адамдар бар. Жазда көтере алмай қалады. Кондер қосады, тағы басқасын қосады. Со кезде трансформатор өшіп қалады. Ал шақыру үшін электромонтерді, Шортанбайдан келеді. Ол 20 км жер. Одан электрик келгенше жарты сағат, 1 сағат болады. Ол келе қойса. Мұндай жазда аварийный жағдай біздің ауылда ғана емес, барлық жерде болады ғой енді.

Өңірдегі 2 мың шақырымнан астам электр желісінің 70 проценті тозған. Облыстық энергетика басқармасының мәліметінше, ескірген желілерді жаңартуға 16 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Оған 348 шақырым желі ауыстырылды.

Асан Нұрғалиев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Теміржолдың бойында орналасқан елдімекендердің 237 шақырым электр желісі ауыстырылды. Қосалқы станциялар мен жоғары кернеулі электр желісі ауыстырылды. Бізде одан басқа Қызылқоға, Мақат, Жылыой ауданы, Индер ауданында 111 шақырым электр желісі жаңартылды. 137 электр шамдары орнатылды.

Жалпы облыс тұрғындарын электр энергиясымен қамту көрсеткіші 97,4 процент, дейді жауаптылар. 155 елді мекеннің 151-інде электр желісі бар. Қалғаны жел мен күннен қуат алатын құрылғылар арқылы жарықпен қамтылып отыр.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин