2025 жылы 31 шілдеде Қырғыз Республикасының аумағында қураған шөп өртеніп, қатты желдің салдарынан от Жамбыл облысы Жамбыл ауданының аумағына тарады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Жамбыл облыстық ТЖД мәліметінше, өрт КММ "Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің" аумағын шарпыды.
"Оқиға туралы хабар түскен сәттен бастап Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері дереу оқиға орнына жіберілді. Өртті сөндіруге ТЖД, Орман шаруашылығы және Қырғыз Республикасының құтқару қызметтерінен барлығы 140 адам мен 18 техника бірлігі жұмылдырылды. Өртті сөндіру кезінде екі елдің қызметтері, соның ішінде шекара ведомстволары арасындағы үйлесімді әрекет ерекше маңызды болды. Бұл өрт сөндіруге қатысушылардың мемлекеттік шекарадан кедергісіз өтуін қамтамасыз етті". ҚР ТЖД баспасөз қызметі
Жедел ақпарат алмасу мен жағдайды нақты бақылау үшін заманауи мониторинг және үйлестіру құралдары қолданылды:
- ТЖ Департаментінің екі пилотсыз ұшу аппараты,
- Казавиаорманқорғау тікұшағы, командалық-штабтық көлік және үш Iridium спутниктік терминалы.
"Өрт сөндірудің тиімді тактикасы мен күштердің бірлескен жұмысының арқасында Қазақстан аумағындағы өрт шамамен 300 гектар аумақта жойылды. Қазіргі уақытта өрт шыққан жер бақылауға алынған. Қызметтердің кәсіби шеберлігі мен жедел әрекетінің арқасында өрт елді мекендер мен орман алқаптарына таралмай, жедел тоқтатылды. Бұл жағдай табиғи қауіптерге қарсы күресте ведомствоаралық және мемлекетаралық өзара іс-қимылдың тиімді үлгісіне айналып, төтенше жағдайлар кезінде күштердің дайын екенін тағы көрсетті". ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
Бұған дейін Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Көктөбе саяжайлары маңында — Ақсай шатқалында өрт болғаны хабарланған.