Қазақстандық спортшы Сора Рахмонова ағасы Шавкат Рахмоновтың отбасындағы жағдайға қатысты желіде пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Сора Рахмонова Instagram желісіндегі Stories бөлімінде ағасының отбасындағы жағдайға алаңдаған жандарға алғысын білдіріп, мұндайды ешкімнің басына тілемейтінін жазды.

"Мұндай ауыр жағдай ешкімнің басына келмесін! Ертең не боларын бір Алла біледі...

Жеңгеме Алла жар болсын! Екі бірдей жақынынан айырылып, өзі де жарақат алды.

Қайтыс болған жандардың иманы жолдас болсын! Жандары жәннатта болғай" — деп жазды Шавкат Рахмоновтың қарындасы.

Еске сала кетейік, бірер күн бұрын желіде "Шавкат Рахмоновтың жұбайының қатысы бар" делінген жол апаты туралы ақпарат тараған еді. Жол-көлік оқиғасы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы тас жолда болған.

Полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, Toyota Land Cruiser 200 жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, жол талғамайтын көлік аударылған. Апат салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екеуі ауруханаға жеткізілді.

Бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз