Астанадағы қоғамдық көлікте аутизмге шалдыққан кішкентай қызды балағаттаған әйелдің кім екені белгілі болды. Бұл туралы қыздың анасы Сағина Каринбаева хабарлады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Каринбаеваның айтуынша, оқиғадан кейін әлгі әйел оның Instagram парақшасын тауып, тікелей хабарласқан. Ол айтқан сөздеріне өкініп, кешірім сұраған. Бірақ кейін журналистерге мүлде басқа пікір айтып, өзін ақтап алуға тырысқан.
«Хабарласып, кешірім сұрады. “Қатты өкінемін, қызыңыз жазылып кетсін, сіздерге тек жақсылық тілеймін” деді. Ауруханада дәрігер болып жұмыс істейтінін, сол күні жұмыстан қатты шаршап шыққанын айтып ақталды. Мен ешқандай жамандық тілемейтінімді айтып, одан тек халықтан да видео арқылы кешірім сұрауын талап еттім. Бет-жүзін көрсетпеуге де келістім», – дейді Сағина.
Екеуі келесі күні Каринбаеваның үйінде кездесіп, бейнемәлімдеме түсіруге уағдаласқан. Тіпті полицияға шағымын қайтарып алатынын да айтқан. Алайда келесі күні әлгі әйел райынан қайтып, журналистерге сұхбат беріп, «тек ескерту айтқаным үшін кінәлі болып қалдым» деп мәлімдеген.
Сағина Каринбаева бұл сөздердің жалған екенін айтып отыр. Оның сөзінше, әйел ескерту жасаған сәтте өте дөрекі сөйлеген, қызын қорлап, тіпті оның киіміне де тіл тигізген.
Кешірім беруге тырысқан ана енді бұл мәселені заң аясында шешуге бел буып отыр. Өйткені ол жақсылықты түсінбеген адаммен бейбіт мәмілеге келу мүмкін емес екенін түсінген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от Sagina (@sagina_astanita)