Қазіргі уақытта Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері «Бағанашыл» балалар үйінің ғимаратын Алматы қаласының балансына беру бойынша тиісті жұмыстарды қолға алған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мекеме тәрбиеленушілеріне заманауи әрі қауіпсіз жағдай жасау үшін ғимаратқа кешенді жаңғырту жүргізу көзделіп отыр. Бұл жұмыс алдын ала техникалық сараптама, жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу, мемлекеттік сараптама және конкурс рәсімдерінен кейін, келесі жылы басталмақ.
«Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кезінде балаларды уақытша орналастыру мәселесі қауіпсіздік талаптары мен қажетті тұрмыс жағдайын ескеріле отырып шешіледі. Балалар бірінен бірі бөлінбейді. Тәрбиеленушілер Алматы қаласындағы қазір өздері оқып жүрген мектепте білім алуын жалғастырады. Балалар үйінің ғимаратынан балаларды Қонаев қаласына көшіру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ», деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Балалардың қауіпсіздігі, білім алуы және тұрмыс жағдайы Алматы қаласы әкімдігі мен Оқу-ағарту министрлігінің тұрақты бақылауында болады. Тиісті мекемелер олардың құқықтары мен жағдайларын қамтамасыз етуге жауапты.