Францияда танымал актёр, Бен Аффлек пен Хоакин Феникстің дауысын дыбыстаған Борис Релингер дубляж саласын жасанды интеллектен қорғауға шақырып отыр
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, бұл салада жүздеген кәсіби маман еңбек етіп жатқанымен, ЖИ технологиялары олардың жұмысына нақты қауіп төндіруде.
«Мен өз дауысымды ЖИ әлі алмастырмағанына қарамастан, қауіп барын сеземін», – деді актёр Reuters-ке берген сұхбатында.
Ол адамдар жасаған дубляжды қорғауға бағытталған француз бастамасы – TouchePasMaVF қозғалысына қатысып жүр.
Актёрдің айтуынша, дубляж – тек бір дауыстың жұмысы емес, бұл салада актёрлер, аудармашылар, режиссёрлер, диалог бейімдеушілері мен дыбыс инженерлері еңбек етеді. Олардың бәрі көрерменге экрандағы актёр өз тілінде сөйлеп тұрғандай әсер қалдыру үшін жұмыс істейді.
Netflix секілді стримингтік платформалар «Кальмар ойыны» мен «Люпен» сияқты хит туындыларды насихаттау үшін дубляжды кеңінен қолдануда. Бұл – саланың дамуына үлкен серпін берген.
GWI зерттеу компаниясының дерегінше, Германия, Франция, Италия және Ұлыбританиядағы көрермендердің 43 пайызы дубляжды субтитрлерге қарағанда артық көреді.
Business Research Insights мәліметі бойынша, 2025 жылы дубляж нарығының көлемі 4,3 миллиард долларға жетеді, ал 2033 жылға қарай 7,6 миллиард долларға дейін ұлғаюы мүмкін.
Бұл өсім жаңа технологиялық шешімдерге деген қызығушылықты арттыра түсті. Дегенмен, жасанды интеллект көмегімен жасалған дауыстар барған сайын шынайы әрі қолжетімді бола бастаған кезде, Еуропадағы дубляж актёрлерінің қауымдастықтары Еуроодақтан саланы қорғауға бағытталған қатаң реттеулер енгізуді талап етіп отыр. Олар дубляж сапасы мен авторлық құқықты қорғаумен қатар, актёрлердің дауыстық архивтерінің рұқсатсыз пайдаланылуына да алаңдаушылық білдіруде.
Киноиндустрияда технологияларға қатысты алаңдаушылық бұрыннан бар. Голливудта жасанды интеллект 2023 жылы негізгі тақырыптардың біріне айналып, осыған байланысты болған ереуілдерден кейін технологияны қолдануға шектеу енгізілген болатын.