Жасанды интеллект қолданысқа енгелі бері әлем халықтары білім сапасына алаңдай бастады.
Әрине, барлық пікір бірдей емес, біреу пайдалы жағын ескерсе, енді бірі зиянды тұсын алға тартады. Алайда дамыған кәрі құрлық мемлекеттері жасанды интеллектіні білім саласында қолдануға өте сақтықпен қарай бастады.
Таяуда Еуропадағы билік өкілдері, мұғалімдер мен зерттеушілер оқушылардың ChatGPT сияқты құралдарды үй тапсырмасын орындауға, әсіресе эссе жазу үшін қолданатынын айтып, дабыл қақты. Тіпті, бұл үрдіске мұғалімдер де ілесе бастаған.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Оқыту бойынша халықаралық зерттеуіне (TALIS) сәйкес, 2024 жылы Еуропада мұғалімдердің ЖИ қолдануында айтарлықтай айырмашылық білінген.
ЖИ-ды тұрақты қолданатын мұғалімдердің үлесі Францияда 14 пайызды ғана құраса, Албанияда 52 пайыздан асқан. Еуропалық одақ бойынша бұл көрсеткіш 32 пайыз шегінде тұр.
Бір қызығы, Батыс Еуропа елдерінің мұғалімдері құрлықтың өзге өңірлеріне қарағанда ЖИ-ды сирек қолданатын болып шықты.
Албания ұстаздары жасанды зердені жиі қолданатынын айттық, бұл қатарда, яғни, 40 пайыздық межеден асқандардың ішінде Мальта (46), Чехия (46), Румыния (46), Польша (45), Косово (43), Солтүстік Македония (42) және Норвегия (40) бар.
Ал ең сирек қолданатындар мұғалімдер Болгария (22), Венгрия (23), Түркия (24), Италия (25), Финляндия (27), Черногория (28) және Словакия (29) елдерінде.
Әйтсе де бұл жекелеген елдердің білім берудегі өзіндік саясатына қатысты мәселе болуы мүмкін.
– Кейбір елдер ЖИ бойынша ұлттық стратегияларды, оның ішінде білім беру саласын да белсенді ілгерілетеді, ал басқалары ЖИ мен генеративті жүйелерді сыныпта қолдануға қатысты сақтық танытып, оқушылардың жасына қарай қатаң ережелер енгізеді", – деп мәлімдеген ЮНЕСКО өкілдері.
European Schoolnet ұйымының педагогика және зерттеу жөніндегі менеджерлері Бен Херц пен Антуан Билгин ЖИ қолданудағы үлкен айырмашылықтар әр елдің саяси ортасы мен білім беру мәдениетін көрсететінін атап өткен. Кейбір елдер аса сақтықпен қарап, ұлттық мүддесін ескерген.
"Практикалық қолдауға, мысалы оқыту мен инфрақұрылымға қолжетімділік те негізгі жеделдетуші фактор. TALIS деректері көрсеткендей, ЖИ қолдану деңгейі жоғары жүйелерде мұғалімдер бұл тақырып бойынша кәсіби оқудан жиірек өткен", – деді сарапшылар.
Мысалы, Франция биыл мемлекеттік мектептерде ЖИ бойынша ұлттық оқытуды енгізе бастады. Ал TALIS деректерінде олардың көрсеткіші неге төмен десеңіз, бұл ел статистика шы қойғаннан кейін ғана оқытуды жүзеге асыра бастаған.
Ал онсыз да балаға білмегенін үйретіп, оқытуға тиіс мұғалімдер неге ЖИ-ға мұқтаж? Неге қолданады? Сауалнама бойынша, еуропалық мұғалімдердің 65 пайызы мұның себебін тақырыпты тез түсіну және қысқаша мазмұнын жасау үшін қолданатындарын жеткізген. 64 пайызы сабақ жоспарлауға немесе тапсырмаларды әзірлеуге пайдаланады. Яғни, мұғалімдер оқушылардан бұрын, өз жұмысын жеңілдетуге қолдануда.
Қалай алғанда да сарапшылар білім беру саласында ЖИ-дың қолданылу аясы кеңіп жатқанын айтып отыр. Әйткенмен жауапкершілікпен қарау жағын әр адам өзі ескереді. Жасанды зерденің ықпалын бұл саладан толыққанды шектеп тастау мүмкін емес.
ЮНЕСКО бұл тұста мұғалімдердің жауапкершілігін ерекше атаған. Педагогтер ЖИ-ді өздерін алмастырушы емес, көмекші құрал ретінде ғана қарап, оқушыларға этикалық нормаларды түсіндіруге тиіс.
Еуропа жұртшылығының бұл тақырыпқа ерекше мән беруі тектен-тек емес. Қазір батыс елдерінде мұғалім тапшылығы бар. Осындай кезеңде оқушылар жасанды интелектіні "ұстаз тұтып" кетуі мүмкін.
Қатты білінбесе де, мұғалім тапшылығы Қазақстанда да барын жақсы білеміз. Еліміздегі мұғалімдер жасанды зердені білім беруде қалай қолданып жүргені туралы зерттеулер немесе сауалнамаларды әлі кездестіре қоймадық. Десек те, бұл мәселеге тиісті ведомство назар аударып, реттеу тетіктерін қарастыра бергені жөн секілді көрінеді.