Ақтау маңында теңіздегі үш адамды құтқармақшы болған ер адамның өзі суға батып кетті. Ерлікпен қаза тапқан ер адамның артында бес баласы қалды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Өңірлік LADA басылымының мәліметінше, қайғылы оқиға өткен демалыс күндері Каспий жағалауында болған. Құрық ауылының 39 жастағы тұрғыны Ерлан Шоңтабаев Ақтау маңындағы демалыс базаларының бірінің аумағында жастарды құтқармақшы болып, көз жұмды. Марқұмның туған-туыстарына өңірдегі ТЖД басшысының атынан алғыс хат табысталды.
Марқұмның туыстарының айтуынша, қайғылы оқиға болған күні Ерлан Шоңтабаев достарымен бірге теңіз жағасына демалуға барған. Олар алкогольді ішімдік тұтынбаған. Жақын маңда екі қыз және екі жігіттен тұратын жастар тобы да болған. Шомылу кезінде екі қыз суға бата бастайды. Достарының бірі оларға көмекке жүгіреді, ал екіншісі жан-жақтағыларды көмекке шақыра бастады.
"Айқайды естіген бойда Ерлан Шоңтабаев еш ойланбастан суға қойып кеткен. Ол екі қызды құтқарып, жас жігітке көмекке ұмтылған. Ал суда тұншыққан жігіт қарманып, Шоңтабаевтың аяғынан қапсыра ұстап, жібермей қойған секілді. Екеуі де суға кетті", – дейді жақындары.
Құтқарушылар оқиға орнына келгеннен кейін екі қызды құтқаруға тырысқан екі ер адамның теңізге батып кеткенін анықтады. Ал екі қыз өз бетінше жағаға жеткен, олардың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде.
"1986 жылғы ер адамның денесі жағадан 10 метр қашықтықта табылып, құрлыққа шығарылды. 2001 жылғы жас жігіттің денесі сағат 00:05-те табылып, судан шығарылды. Оның денесі жағалаудан 10-15 метр қашықтықта 1,5 метр тереңдікте болды", делінген өңірлік ТЖД-ның түсініктемесінде.
Ер адамның артында жұбайы мен бес баласы қалды, ең кішісі небәрі үш айлық екен.
Күні кеше Құрық ауылында Ерлан Шоңтабаевты ауылдастары ақтық сапарға шығарып салды. Жерлеу рәсіміне туыстары мен жақындарынан бөлек құтқарушылар да қатысып, марқұмның отбасына көңіл айтып, жұбайына алғыс хат табыстады.
"Көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ерланның отбасына Маңғыстау облысы ТЖД басшысы Мұрат Мұхановтың атынан алғыс айтылады", делінген ақпаратта.
Айта кетсек, бүгін Алматыда ҚазҰУ студенті 14-қабаттан құлап, қаза тапқаны белгілі.