Астананың криминалдық полиция қызметкерлері заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдікпен 35 жастағы елорда тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР ІІМ мәліметінше, ол өз қызметі үшін кісі басына 100 мың теңгеден сұраған.

"Әйел адам шетелдік азаматтарға Қазақстан аумағында уақытша жүріп-тұруға рұқсат қағаз тіркеп бере алатынын айтқан. Ол мұндай "қызметін" орта есеппен 100 мың теңгеге бағалаған. "Нұрлы Жол" теміржол вокзалының аумағындағы кеңсені тінту барысында полицейлер жақын шетел азаматтарының 16 төлқұжатын, 4 ноутбук, сондай-ақ толтырылмаған медициналық анықтама парақтарын тәркіледі. Банк көшірмесіне сәйкес, күдіктінің шотында 150 млн теңгеден астам ақша тіркелді", — деп хабарлайды полициядан.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды.

"Полиция шетелдік азаматтар мен республика тұрғындарын ақылы түрде заңсыз тіркеуді ұсынатын "көмекшілер" қызметтерін пайдаланбауға шақырады. Көші-қон қызметтерін алу тек заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылуы тиіс". ҚР ІІМ

Бұған дейін Алматыда көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктер жауапқа тартылғаны хабарланған.