Қазақстанның ұлттық өнімдері Қытай нарығына ресми түрде шыға бастады. 2025 жылғы 21 мамырда Бейжің қаласында өткен халықаралық мәдени шара аясында Алматы облысының ірі тауар өндірушілері мен қолөнер шеберлері өз өнімдерін таныстырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл оқиға Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланыстардың жаңа кезеңіне жол ашып, ұлттық брендтердің шетелдік нарықта кеңінен танылуына мүмкіндік берді.
2025 жылғы 21 мамырда Қытай астанасы Бейжіңде композитор, дирижер, Қазақстанның Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Әлқисса» атты шығармашылық кешінің алдында Алматы облысының ірі тауар өндірушілері мен қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Халықаралық шарада Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы сөз сөйлеп, Қытай Халық Республикасының қонақжайлылығы мен қолдауына ризашылығын білдірді.
Көрме Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайту мақсатында ұйымдастырылған болатын. Алматы облысының жетекші компаниясы «BB Partners» ЖШС-ның бас директоры Болат Аманбаев көрменің маңыздылығын атап өтіп, бұл бастаманың екі ел арасындағы сауда мен достық қатынасты тереңдете түсетініне сенім білдірді.
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық қарқынды дамып келеді. Біз күнделікті 10 тонна сүт өнімдерін өңдеп, ұлттық өнімдерді Қытай нарығына шығаруды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта Қошмамбет ауылынан 10 гектар жер сатып алдық. Зауытты кеңейтуге 2,5 миллиард теңге инвестиция салынды. Сонымен қатар, 1200 ешкіге арналған ферма құрылысы аяқталып, іске қосуға дайын тұр, — деді Болат Бейсенғалиұлы.
2017 жылдан бері заманауи технологияларды пайдалана отырып, ұлттық сусындарды сублимация әдісімен өндіретін «BB Partners» компаниясының «Neo Saumal», «Shubat», «Goat milk» және құрғатылған ешкі сүті «Мама знает» өнімдері Қытай нарығында үлкен қызығушылық туғызды. Қытайлық бизнес өкілдері бұл өнімдерді сатып алу жөнінде келісімшарттарға қол қойып, қазақстандық табиғи және шипалы сусындардың сұранысы артуда.
Қытай тарапынан қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген қызығушылық жоғары, бұл Алматы облысының және бүкіл елдің экспорттық әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Бір белдеу – бір жол» бастамасының аясында Алматы облысы экономикалық тұрғыдан ерекше серпіліс жасап, соңғы екі жылда республикалық жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша 10-орыннан 5-орынға дейін көтерілген.