16 миллион қазақстандықтың жеке деректерінің таралып кетуіне қатысты қылмыстық істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеп жатыр, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Редакция Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне Қазақстан азаматтарының жеке деректерінің таралып кетуіне қатысты ақпаратты нақтылау үшін ресми сауал жолдады.
"Қылмыстық кодекстің 208-бабының 2-бөлігі "Ақпаратты құқыққа қайшы иеленіп алу" бойынша қозғалған қылмыстық істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеп жатыр", — деп жауап берді ІІМ баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін желіде 16 млн 300 мың азаматтың жеке деректері жаппай тарап кеткені туралы ақпарат жарияланды. Цифрлық даму министрлігі бұған қатысты түсінік берген еді.
Министрлік өкілдері ұсынылған мәліметтердің шынайылығы мен өзектілігін анықтау мақсатында кешенді тексеру жүргізіліп жатқанын айтқан.
Алғашқы талдаудан кейін бұл деректердің мемлекеттік емес, яғни жекеменшік ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін екені белгілі болды.
Сондай-ақ "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы қазақстандықтардың жеке деректері таралып кетті деген ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз