Қостанай облыстық полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Қостанай қаласының тұрғынын ұстады. 22 жастағы азамат екі студенттен ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікке ілініп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Құқық қорғау орындарының мәліметінше, күдікті жәбірленушілерге психологиялық қысым көрсеткен, күш қолданамын деп қорқытқан. Салдарынан зардап шеккендер оған 1 миллион теңгеден астам қаражат берген.
«Қазіргі таңда күдіктіден тұрғылықты жерінен ешқайда кетпеу жөнінде қолхат алынды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігіне сәйкес, күдіктіге жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қолданылуы мүмкін», дейді облыстық ПД баспасөз хатшысы Карина Базарбаева.
Тергеу барысында полиция оқиғаның мән-жайын бүге-шігесіне дейін анықтап, күдіктінің басқа да бопсалау деректеріне қатысы бар-жоғын тексереді.
Қостанай облысы