Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде қанша шетел азаматы еңбек ететіні туралы жаңа деректерді жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 820 шетел азаматы еңбек етеді.

Шетел жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 562 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 340 рұқсат (екінші санат).

Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 4 060 және 1 167 адам.

Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 2 874 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 817 адам тартылған.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 882 жұмыс беруші бар. Оларда 352 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96 пайызы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 160 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 2 902 адам, тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 347 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 178 адам.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 5 463 адам, Өзбекстан – 2 477 адам, Үндістан – 1 097 адам, Түркия – 1 071 адам.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз