Шағын қалалар мен аудан орталықтарында және елді-мекендерде 1000 мектепті жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Осы жұмыстар аясында биыл 700-ге жуық мектеп кітапханасы жөндеуден өтеді. Бұл шамамен 300 мың балаға заманауи және қолайлы кітапхана кеңістігін пайдалануға мүмкіндік береді.
«Мемлекет жыл сайын білім беру инфрақұрылымын жақсартуға қаражат бөледі. Мектеп кітапханаларын жаңғырту аясында автоматтандырылған кітапхана жүйесі енгізілуде, коворкинг-аймақтар ашылып, күрделі жөндеу жүргізіледі, жиһаздар жаңартылуда», деді Инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының орынбасары Роза Сембаева.
Мектептерде кітаптарды автоматты түрде есепке алатын және жедел іздейтін RFID технологиясы енгізіліп жатыр. Ал 20-дан астам кітапханада сканерлеуші роботтар жұмыс істейді. 2023 жылдан бастап «Балалар кітапханасы» жобасы аясында мектеп кітапханаларының қоры 1,6 миллион дана көркем әдебиетпен толыққан. Бүгінде жалпы кітап қоры 141 миллион данадан асады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, кітапханашы кадрлардың кәсіби шеберлігін шыңдауға да назар аударылып жатыр. Былтыр 1 775 мектеп кітапханашысы біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Бұл бағыттағы жұмыстар жаңа оқу жылында да жалғасады