Камчатка жағалауынан 161 шақырым жерде 8,5 балдық жер сілкінісі тіркелді. Бұл – соңғы онжылдықта аймақта болған ең қатты жер сілкінісі. Кей елдерде цунами қаупі туралы ескерту жарияланды.
РБК-ның Ресей ғылым академиясының геофизикалық қызметінің аймақтық филиалының деректеріне сілтеме жасап хабарлауынша, Камчаткада қатты жер сілкінісі болды. Алғашында ғалымдар магнитудасы 7,5 балл болғанын хабарлаған, кейінірек 8,5-ке түзетті.
Жер сілкінісі түбек жағалауынан 161 шақырым жерде тіркелді. Онда алдыңғы күні кешке және күндіз де жер сілкінген. Жер сілкінісінің ошағы 32 шақырым тереңдікте орналасқан.
Ал Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы (EMSC) жер сілкінісінің магнитудасын 8,7, ал кейінгі дүмпулер 7,0 немесе одан төмен деп бағалады.
Камчатка өлкесінің Төтенше жағдайлар басқармасы басылымға жағалауға биіктігі 32 см-ге жететін цунами жетуі мүмкін екенін айтты. Мұндай биіктіктегі толқын Алеут муниципалды округіне де жақындауы мүмкін, биіктігі 20 см-ге дейінгі толқын Усть-Камчатский муниципалды округіне жақындауы мүмкін. Биіктігі 6 см-ден аспайтын толқын Петропавл-Камчатский қалалық округіне де жетеді деген болжам бар.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды жағаға барып, цунамиді тамашалаудан бас тартуды сұрады. Ведомство жағалауда, ашық рейдте немесе шығанақта, айлақтарда тұрған кемелерге мұхитқа кетіп қалуды ұсынды.
Камчатка губернаторы Владимир Солодов өзінің Telegram желісіндегі арнасында бұл соңғы онжылдықта болған ең қатты жер сілкінісі болғанын айтты.
"Мамандар әлеуметтiк маңызы бар нысандарды мұқият тексеруге кірісті. Ең алдымен мектептер, ауруханалар, балабақшалар тексерiледi", — деп жазды ол.
Кейінірек губернатор жер сілкінісі салдарынан Петропавл-Камчатскийдегі балабақшалардың бірі зақымданғанын — ғимараттың қабырғасы опырылғанын хабарлады. Балабақша жоспарлы жөндеу жұмыстарына жабылғандықтан, ғимаратта бала болмаған.
"Бүгін өлкелік мемлекеттік мекемелерде жұмыс күнін сағат 13:00-ге дейін қысқарту туралы шешім қабылдадым. Қалалық билік органдарына, сондай-ақ басқа да меншік нысанындағы ұйымдарға осындай шешім қабылдауды ұсынамыз", — деп жазды Владимир Солодов.
Ал Сахалин облысының губернаторы Валерий Лимаренко Северо-Курильскіде магнитудасы 7,9 жер сілкінісі болғанын хабарлады.
"Цунами қаупі жарияланды, тұрғындар ықтимал қауіпті аймақтан биік жерге көшіріліп жатыр. Төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, жағдай бақылауда", — деді ол.
Жапонияның Тынық мұхиты жағалауында да Хоккайдодан Вакаямаға дейінгі аралықта 3 м (9,8 фут) цунами туралы ескерту жарияланды. Гавайи мен Алясканың кейбір бөліктеріне де ескертулер берілді.
Ал әлеуметтік желілерде жер сілкінісі мен цунами түсірілген кадрлар жарияланып жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз