Еліміздегі егістік алқаптардың 25 пайызға жуығы «Астана-НАН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Аstana-Nan Chemicals» филиалында өндірілген химиялық дәрі-дәрмекпен өңделеді. Жыл озған сайын егіншілік мәдениеті жан-жақты дамып, топырақ құнарын арттыру, көк өскінді аурудан қорғау орайындағы жетістіктер қолға алынып жатыр. Жер емшегін емген диқан қауым табиғаттың сараң мінезіне төтеп беріп, мол өнім алуға ынталы. 26 жыл бойы олар біз сөз еткелі отырған кәсіпорынның өнімдерін пайдаланып келеді.
Бір жақсысы, кәсіпорын егінжай тынысын жақсы біледі. Ғылыми тұрғыда ғана емес күнделікті іс-тәжірибесі арқылы. Өндіріс орнының негізгі базасы Степногорск қаласында орналасқан. Бұрынғы «Прогресс» базасының негізінде 2010 жылы «Аstana-Nan Chemicals» филиалы ашылды. Ә дегеннен-ақ сапаға мән бергендіктен, ауыл шаруашылығы құрылымдары арасында кеңінен таныла бастады. Бүгінде кәсіпорын еліміздегі егістік алқаптарды зиянкестерден қорғайтын химиялық өнім өндіретін айтулы ұжымның бірі. Сұйытылған химиялық өнімнің жылына 53 млн литрін диқандарға ұсынады.
Қазір кәсіпорында 5 өндірістік технологиялық желі жұмыс істейді. Екі желі дайын өнімді құтылап, ыдысқа құяды. Филиал директоры Талғат Уәлидің айтуына қарағанда, құрылтайшылар Степногорск қаласын жайдан-жай таңдаған жоқ. Бұл жерді еліміздің нақ ортасында деуге болады. Кешегі кеңес заманында «Прогресс» зауытында гербицид өндірілген. Әрине, өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді батыл енгізіп, жаңғыртуға тура келді. Өндіріске қажетті құрал-жабдықтар да осы заманғы. Зауыттағы желі әрқилы.
Олардың ішінде беларусь, неміс, қытайдікі де бар. Қайсысының жақсы екені жұмыс барысында екшеліп, мүмкіндігі көзге ұрып тұрады емес пе? Талғат Уәлидің тұжырымдауынша, қытайлық әріптестермен жұмыс істеген мейлінше қолайлы. Олар құрылғыларды сатумен қатар, күнделікті іркіліссіз жұмыс істеуіне де кепілдік береді. Желі істен шыға қалса, кез келген бөлшегін аз уақыттың ішінде тап-тұйнақтай етіп әзірлеп беруге дайын.
Былтыр филиал арнайы ыдыстарды автоматты түрде толтырып дайындайтын екі желі сатып алыпты. Осындай жаңалыққа құлаш ұрудың арқасында қол жұмысы азайған. Өндірістегі бұл жаңалық еңбек өнімділігін еселеп арттыруға септігін тигізіп отыр. Жаз маусымында зауыт өндірген өнімдерге сұраныс көбейе түседі. Ақық дән тербеткен өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының нәтижелі еңбек етуі зауыт өнімдеріне тікелей байланысты. Сондықтан зауыттың дайын өнімдері қоймада іркіліп жатып қалмайды.
– Сіздер бізге нағыз қым-қуыт уақытта келіп отырсыздар, – дейді Талғат Уәли, – зауыттың ұлан-ғайыр жұмысын тәптіштеп түсіндіруге уақыт та тапшы. Қазір егіннің ауыратын уақыты. Оның үстіне шегірткеден де қауіп бар. Осындай тәуекелді тұстарды сейілткенде ғана диқандардың еңбегі өтеледі. Ал біз болсақ, әр жыл сайын қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген адамдардың тілегін уақытылы орындап, көмегіміз тисе екен деп жанталасып жатырмыз.
Сұраныс өскен сайын өнім көлемін көбейту қажет екені белгілі. Таяуда Қытайдан тағы да мол мөлшерде шикізат алдырыпты. Соның өзінде сұранысты өтеу қиындай түскен. Бұл сөзімізге дәлел ретінде кәсіпорын қақпасының алдында қаздай тізіліп тұрған 11 жүк машинасын айтуға болады. Олардың барлығы зауыт өнімін алмақшы болып кезекте тұр.
– Ең басты міндет кедендік рәсімді тездету, жеткізілген шикізатты жедел түрде өңдеп, дайындау. Маусымдық жұмыс қызған кезде тұтынушылар өнімдерімізді қоймаға да жеткізбей, желі үстінен алып кетіп жатыр. Диқандардың осы бір жансебіл еңбегінен маңдай терімен өсірген ақық дәнді сақтап қалуға деген ұмтылысты көруге болады. Ауа райының құбылмалы сәтінде егінге жау көп, – дейді Талғат Уәли, – соңғы жылдары өсімдік аурулары да бой көтере бастаған сыңайлы. Қауіптің алдын алу үшін әр диқан бар күш-мүмкіндігін жұмсайтыны белгілі. Біздің филиал өнім сатумен айналыспайды, біздікі өндіру ғана. Бұл жұмысты Астанада орналасқан орталық кеңсе атқарады. Тосырқайтын ештеңесі жоқ. Жыл сайын бір ырғақпен жүзеге асырылып жатқан дүние. Оның үстіне, әр облыста компания өкілдіктері бар. Жұмысты осылайша ұйымдастыру ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің уақытын үнемдейді, қолайлы жағдай туғызады.
Бүгінде компания 50-ден астам өнім түрін өндіреді. Оның ішінде арнайы ыдыстарға құйылған сұйығы да, қапшықшаларға салынған түйірі де бар. Егер ауыл шаруашылығы еңбеккерлері тарапынан химиялық өнімдерді қалай дұрыс пайдалану керектігі туралы түсінбестік туа қалса, компания өкілдері бірден егістік басына барып, үйретіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бірлесе атқарған бұл жұмыс та тиімді. Тағы бір тиімдісі, пайдаланылмаған өнім зауыт қоймаларында төрт жылға дейін сақталады. Түсінікті болуы үшін сәл ғана таратып айта кетелік, мәселен бір серіктестік көп мөлшерде өнімде тапсырыс берді екен дейік, дәл сол жылы барлық көлемі кәдеге асқан жоқ. Енді қалғанын не істейді? Міне, осы кезде кәсіпорын қоймасы кәдеге жарап тұр. Сұраныстың артуы сапаға байланысты екені әлмисақтан белгілі. 2016 жылдан бері жұмыс істейтін зауыт зертханасы өнім сапасын қатаң қадағалайды. Оның ішінде ыдыстардың сапасына да көңіл аударады.
Талғат Уәлидің пікірінше, бүгінде өсімдік қорғау саласы мемлекеттік қолдауға зәру.
– Отандық өнім өндірушілер шет елдерден шикізат тасымалдаған кезде кеден салығын төлесек, пестицидтерді сатқанда қосылған құн салығын төлейміз. Оған қоса әлеуметтік төлемдеріміз бар. Серіктестіктің қызметіне орай барлық салықты төлеуге мәжбүрміз, – дейді ол.
Зауытта 140 адам еңбек етеді, орташа жалақы 300 мың теңге көлемінде. Штат кестесі бойынша 183 адам еңбек етуі керек. Әйтсе де жүк машинасының жүргізушілері, эксковаторшы, газбен дәнекерлеуші тәрізді мамандар жетіспейді. Зауыт жұмысшылары әлеуметтік жағынан қорғалған, тегін тамақтандырылады. Зауыттың көлігімен жұмысқа қатынайды.
Ақмола облысы,
Степногор қаласы