Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақы
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, елімізде ББҚ-ны мемлекеттік тіркеу бірнеше деңгейден тұратын сараптамалық негізде жүзеге асады. Атап айтқанда, тіркеу кезінде ғылыми есеп, Қазақ тағамтану академиясы мен Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің өзге де ғылыми-зерттеу ұйымдарының қорытындылары ескеріледі. Сондай-ақ ЕАЭО-ның Сәйкестікті бағалау жөніндегі органдардың бірыңғай тізіліміне енген аккредиттелген сынақ зертханаларының хаттамалары негізге алынады.
138 өнімнің 23-і талапқа сай емес
2025 жылы өнім сапасына мониторинг жүргізу мақсатында сатып алынған 138 ББҚ үлгісі зерттелген. Оның ішінде 23 сынама немесе 16,7 пайызы қолданыстағы талаптарға сай келмегені анықталды. Бұл бұзушылықтардың басым бөлігі — 82,6 пайызы таңбалау ережелерінің бұзылуына байланысты болса, 17,4 пайызы микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкес келмейді.
Комитет таратқан ақпаратқа сүйенсек, талапқа сай емес өнімдердің 91 пайызы — үшінші елдерден әкелінген тауарлар. Ал 8,7 пайызы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен жеткізілген.
Қауіпсіздік үшін — ресми тіркелген өнімді таңдаңыз
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті азаматтарға ББҚ-ны дәріханалардан, дәріхана пункттерінен, мамандандырылған дүкендер мен ресми сауда желілерінен мемлекеттік тіркеу туралы куәлікпен бірге сатып алуға кеңес береді. Сонымен қатар мұндай өнімдерді қабылдамас бұрын міндетті түрде емдеуші дәрігермен кеңесу қажет екенін ескертеді.
Комитеттің айтуынша, жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде халық арасында тамақ қауіпсіздігі, соның ішінде ББҚ-ға қатысты түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіледі. Бұл шаралар тұтынушылардың саналы таңдау жасауына және денсаулығын қорғауға бағытталған.