Бірінші орында Қытай тұрса, келесі екі орынды Қазақстан мен Өзбекстан бөлісті.

Ресейдің "Аэроклуб" компаниясының сарапшылары 2025 жылдың алғашқы алты айында ресейлік бизнес өкілдерінің шетелдік қонақ үйлерге деген сұраныс динамикасын зерттеді.

Сарапшылардың айтуынша, іскерлік туризм – экономикалық өзгерістердің айқын көрсеткіші. 2022–2023 жылдардағы релокация толқынын аяқтаған IT-сектор шетелге сапарлар санын қысқартқан. Ал мұнай-газ және машина жасау салалары шетелдегі бизнес белсенділігін арттырды. Ол Азиядағы жаңа экспорттық мүмкіндіктер мен келісімшарттармен байланысты.

Қытай, Қазақстан және Өзбекстан бүгінде ресейлік бизнесмендер үшін негізгі кездесу орындарына айналды. "Аэроклуб" компаниясының басқарушы директоры Юлия Липатованың айтуынша, Орталық Азия жаңа іскерлік туризм орталығына айналып келеді.

  • Мұнай-газ саласы шетелдік іссапарлардың басты драйверіне айналды – бұл сала қызметкерлерінің шетелдегі қонақ үйлерде өткізген түндер саны 21%-ға өсіп, жалпы үлесі 32%-ға жетті (2024 жылы – 26%). Орташа сапар ұзақтығы – 5 күн.
  • IT және телеком секторлары іссапарларды 23%-ға қысқартты – бұл релокациялық процестердің аяқталуына байланысты. Бұл сектордың үлесі 30%-дан 23%-ға төмендеді.
  • Автомобиль және машина жасау салалары шетелдік сапарларын 86%-ға арттырып, нарықтағы үлесін 8%-ға жеткізді (2024 ж. – 4%). Бұл – экспорттық келісімшарттар санының артқанын көрсетеді.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Wanderlust Reader Travel сыйлығына үміткер. Қалай дауыс беруге болады


Ең танымал елдер:

  • Қытай – көшбасшы ел, әсіресе мұнай-газ компаниялары өкілдері (+48%) жиі сапарлайды. Сонымен қатар, IT және телеком салалары да Қытай бағытына қызығушылық танытып отыр (+16%).
  • Қазақстан – екінші орында (13% жалпы үлесі, 2024 жылы – 11%). Мұнда авто және машина жасау компаниялары белсенді (28% сапарлар), бұл Қазақстандағы құрастыру өндірістері мен инфрақұрылымдық жобалардың дамуына байланысты. IT секторы сапар санын қысқартса да, 25% үлесін сақтап қалды (2024 жылы – 42%).
  • Өзбекстан – үшінші орын (9% жалпы үлес, +53%). Бұл бағытта IT және телеком секторының сапарлары айтарлықтай артқан (+68%). Өзбекстанда жаңа технологиялық хабтар мен дата-орталықтар құрылуда.

Басқа танымал бағыттар:

  • Беларусь (5%, -4%);
  • Түркия (4%, -37%);
  • БАӘ (4%, -27%);
  • Оңтүстік Корея (4%, -22%);
  • Сербия (3%, -52%);
  • Армения (2%, -39%);
  • Франция (1%, +32%).

Төрт жұлдызды қонақ үйлер ең танымал (45% барлық түндерден), ал категориясыз орналастыру орындары (апартаменттер, пәтерлер) 36%-ға өсіп, 7% үлеске жетті.