Ішкі істер министрлігі өкілдері Қазақстан азаматтарына төлқұжатқа барыс бейнесіндегі қосымша қорғаныс элементінің енгізілуіне байланысты "құжатты ауыстыру қаншалықты қажет" деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Еске сала кетейік, 22 шілдеде Қазақстан азаматтарының төлқұжаттарына қосымша қорғаныс деңгейі енгізілетіні белгілі болды, соның бірі – барыс бейнесі.
Осыған байланысты NUR.KZ тілшісі қазақстандықтарға құжатын жаңасына ауыстыру қаншалықты қажет екенін білу үшін Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сауал жолдады.
"Қосымша қорғаныс элементі бар төлқұжаттарды беру ескі жарамды төлқұжаттар жаппай ауыстырылады дегенді білдірмейді, яғни ауыстыру міндетті емес. Жаңа үлгі енгізілгенге дейін берілген паспорттар (жарамды мерзімі өтіп кеткен, бүлінген, жоғалған және меншік иесінің мәртебесіне сәйкес келмейтіндерді қоспағанда) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте мерзімі аяқталғанға дейін өзінің заңды күшін сақтайды", — деді ведомство өкілдері.
Жаңа төлқұжаттардағы барыстың бейнесі қосымша қауіпсіздік элементі – құжаттың түпнұсқа екенін жедел тексеруді қамтамасыз ететін және жалған төлқұжат жасауды қиындататын HDM элементі болып саналады.
HDM (High Definition Metallization) – жеке құжаттарды қорғаудың заманауи деңгейін білдіретін жоғары деңгейдегі металлдандыру технологиясы. Бұл элемент қорғаныстың бірінші және екінші деңгейлерін біріктіреді:
- бірінші деңгейлі қорғаныс – жай көзбен визуалды сәйкестендіру;
- екінші деңгейлі қорғаныс – үлкейту кезінде ғана көрінетін элементтердің болуы (мысалы, микроскоп немесе лупа астында).
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қар барысы бейнеленген жаңа HDM элементі бар төлқұжаттарды беру 2025 жылдың 3 шілдесінде басталды. Қазіргі таңда 88 мыңнан астам жаңа құжат дайындалған.
"Қазіргі уақытта микромәтінді енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр, оның көмегімен өтініш берушінің қосымша фотосуреті төлқұжаттың үшінші бетіне орналастырылуы мүмкін. Үлкейткіш әйнек арқылы қараған кезде тегі, аты және басқа да жеке мәліметтері танылуы мүмкін, бұл құжатты қорғаудың қосымша деңгейін қамтамасыз етеді", — дейді ІІМ өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз