Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еңбек нарығын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Премьер-министр Мемлекет басшысы 2030 жылға қарай 3,3 млн адамды, соның ішінде 2,3 млн жасты жұмысқа орналастыру бойынша нақты бағыт-бағдарды айқындап бергенін атап өтті. Халықты жұмыспен қамту мәселесін кешенді түрде шешу үшін қазіргі таңда еңбек нарығын трансформациялау жүріп жатыр. Мамандықтар мазмұны жағынан өзгеріске ұшырауда. Экономикадағы құрылымдық өзгерістердің нәтижесінде бұрыннан қалыптасқан бірқатар кәсіптер жойылып, жаңалары пайда болуда.

Мемлекет басшысы жариялаған жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамының статусын арттыруға ерекше көңіл бөлу керек. Олар заманауи талаптарға сай болуға тиіс. Бүгінде елімізде ауқымды логистикалық және энергетикалық жобалар іске қосылып жатыр. Түрлі салаларда цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. Жалпы кешенді шаралар жаңа сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді", — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған жұмысты салалық министрліктермен және әкімдіктермен тұрақты түрде үйлестіріп, қажетті жедел шараларды қабылдауға тиіс екенін айты. Бұл ретте еңбек нарығындағы өзгерістердің толық есебін жүргізіп отыру керек. Мәселен, Жұмыс орындарын құрудың сапалы мониторингін қамтамасыз ету үшін Инновациялық жобалар навигаторы әзірленді. Ақпараттық жүйе жаңа жұмыс орындарының санын, олардың еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкестігін, сондай-ақ жұмыс берушілердің жұмыспен қамту жоспарларының орындалуын қадағалайды.

Шетелдік және отандық инвесторлардың жаңа жұмыс орындарын құру бойынша өз міндеттемелерін орындау бағытындағы жауапкершілігін арттыру керек. Сондай-ақ инвестиция көлемінің ең кемі 30%-ын құрайтын еңбекақы төлеу қорын қалыптастыру талабын сақтау қажет", — деп атап өтті Премьер-министр Үкімет отырысында.

Десе де Инновациялық жобалар навигаторында салалар бойынша тек ірі инвестициялық жобалар ғана көрініс тапқан. Премьер-министр жаңа жұмыс орындарына нақты уақыт режимінде толық әрі жүйелі түрде мониторинг жүргізу үшін бірыңғай ақпараттық жүйені жасап шығарып, іске қосуды тапсырды. Ол елімізде іске асырылып жатқан жобалар туралы барлық ақпаратты, соның ішінде біліктілік деңгейін, еңбек жағдайларын, жалақы мөлшерін және басқа да деректерді қадағалап отыруға тиіс.

Үкімет отырысында сондай-ақ елімізде ашылатын жұмыс орындарының бір бөлігі уақытша жұмыспен байланысты екеніне назар аудартылды. Мұндай тәсілдің халықты жұмыспен қамтуда тиімділігі төмен. Сондықтан қолданыстағы жоспарларда тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайту қажет. Әсіресе, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға баса назар аудару керек. Аталған мәселелерді кешенді түрде шешуге бағытталған шаралар Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасында көзделген.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр орталық мемлекеттік органдардың, өңір әкімдіктері мен бизнестің өзара үйлесімді, бірлескен жұмысы қажет екенін атап өтіп, салалық министрліктер мен әкімдіктерге келесідей тапсырмалар берді:

Еңбек министрлігі облыс әкімдерімен бірлесіп, өңірлік жұмыспен қамту карталарында көзделген еңбек нарығының негізгі көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.

Өңір әкімдері тұрақты жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, жұмыспен қамту жоспарларының орындалуын жеке бақылауға алсын.

Ұлттық экономика министрлігі салалық мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 2025-2027 жылдары іске асырылатын жобалар бойынша барлық деректерді мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесінде орналастыруды қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ келесі жылдың басынан бастап халықты жұмыспен қамтуды кеңейтуге бағытталған аудан және қала әкімдерінің KPI жүйесін енгізу қажет.

Цифрлық даму министрлігі жыл соңына дейін мемлекеттік органдар мен бизнестің деректерін біріктіріп, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша бірыңғай цифрлық жүйені қалыптастыруға тиіс.