Астанада Президент кубогы үшін теннистен халықаралық ATP Challenger Tour турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алған 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы челленджер жарысында алғаш рет өнер көрсетті.

Тырнақалды кездесуінде Заңғар тәжірибелі теннисші, кезінде әлемдік рейтингіде 50-орынға дейін көтерілген, қазіргі кезде 387-сатыда тұрған, турнирдің 8-ракеткасы, литвалық Ричардас Беранкиспен шеберлік байқасты.

Қазақстандық жас теннисші 2:6, 2:6 есебімен есе жібергеніне қарамастан, ересектер арасында өзінің шама-шарқын байқап көрді.

Беранкис — Литва теннисінің жарық жұлдызы, жасөспірімдер арасында 2007 жылғы US Open жеңімпазы, өз елінің тарихында ТОП-100-ге кірген жалғыз ойыншы. Ол 2014 жылы Астана Президент кубогы, 2017 жылы Шымкентте челленджер додасында топ жарды.

Еске салайық, бұған дейін Астанадағы Челленджер турнирінде Қазақстан намысын кімдер қорғайтынын жазған едік.