Бұл туралы елдің ішкі істер министрі Александр Добриндт хабарлады.

Германия Берлинде босқындарды отбасымен қауыштыру бағдарламасын ресми түрде тоқтатты, деп жазады inbusiness.kz сайты 24.KZ телеарнасына сілтеме жасап.

Бұдан былай Сирия, Ауғанстан және Ирак сияқты елден босқындардың туысы Германияға кіре алмайды. Бағдарламаның тоқтауына жергілікті билікке түсетін қаржылық ауыртпалық себеп болып отыр. Бұған дейін Берлинде босқын мәртебесін алғандар алыстағы ағайынын шақырып, олардың барлық шығынын өз мойнына алып келді.

Шарт бастапқыда мерзімсіз болып белгіленген еді. Кейін 5 жылға дейін қысқарды. Сөйтіп мигранттардың туысын қамтамасыз ету міндеті мемлекетке өтті. Ал, жалпы 2018 жылдан бері бағдарлама аясында Берлинге 4 мыңнан астам адам келген.

Бірақ билік: "Алдағы жылдары мыңдаған мигрантты әлеуметтік қолдауға кететін шығын қалалық бюджетке үлкен салмақ салады", – деп алаңдап отыр.