Алдағы үш жылда еліміздің барлық өңірінде 1231 мектепті жаңғырту жоспарлануда .
Биылғы жылы 245 мектепте кешенді жұмыстар басталды. Оның 146-сы ауылдық жерлерде, 99-ы қалаларда, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жоспар бойынша:
- 214 мектепке – күрделі жөндеу жүргізіледі;
- 19 мектепте – ағымдағы жөндеу;
- 12 мектепке – реконструкциялау жүргізіледі.
Жобаны іске асыру шамамен 100 мың оқушы үшін білім алу жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жоба заманауи білім беру стандарттарына сай тоғыз негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Жаңғырту жұмыстары аясында мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосу, спорт залдарын, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау және аумақтарды заманауи стандарттар бойынша абаттандыру көзделген.
Ауылдық жерлердегі білім беру ұйымдарына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтып, балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан тең жағдайда білім алу және жан-жақты даму мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді.