ҚМА-ның Астана қаласы бойынша департаменті ұлының еміне қаражат жинау үшін кең көлемді жарнама науқанын ұйымдастырған ерлі-зайыптыға қатысты алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады. Бұл туралы агенттікке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

ҚМА-ның мәліметінше, тергеу амалдарына сай, баланың қатысуымен көрсетілген бейнероликтер, әсерлі жазбалар Instagram және Facebook арқылы жүргізілген таргеттелген жарнама мыңдаған қазақстандықтың жүрегіне әсер еткен.

"Азаматтардың сенімі мен жанашырлығын пайдалана отырып, күдіктілер 1,3 млрд теңгеден астам көлемде қаражат жинаған. Алайда баланың еміне тек 6,4 миллион теңге жұмсалған.

Қалған қаражат ерлі-зайыпты жеке қажеттіліктеріне пайдаланылған.

Нақты айтқанда, елордада 3 пәтер, жер телімі, 5 автокөлік сатып алынған. Сонымен қатар қаражаттың бір бөлігі құмар ойындарына жұмсалған.

Қайырымдылық қаржысын тұрақты түрде алып отыру үшін олар келіп түскен қаражаттың үштен бір бөлігін (481 миллион теңгеден астам) әлеуметтік желідегі парақшаларын жарнамалауға бағыттаған. Meta Ads арқылы жүргізілген жарнама аудиторияны едәуір кеңейтіп, қайырымдылық көлемін арттыруға мүмкіндік берген.

Күдіктілер Түркиядағы LIV Hospital клиникасында 84 миллион теңге тұратын ота жасатамыз деген желеуді де пайдаланған. Қажетті сома жиналғанымен, шетелде ота жасалмаған. Керісінше, олар Instagram парақшасында әуежайдағы "ұшып бара жатқан" көріністі бейнелейтін ролик жариялап, операция сәтті өтті деген жалған ақпаратпен жазба салған.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын білген соң, олар қылмыстық жолмен алынған активтерді тәркілеуден жасыру мақсатында жер телімін үшінші тұлғаның атына рәсімдеген. Алайда тергеу бұл мәміленің жалған екенін дәлелдеді", — делінген хабарламада.

Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған мүліктердің барлығына тыйым салынған. Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ түрі таңдалған.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз