Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов АҚШ-та өтетін Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысатынын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Спортшы бұл туралы 2024 жылғы Париж Олимпиадасында алған алтын медалінің бір жылдығына орай жасаған жазбасында мәлімдеді.

"Париж алтыны біз алмайтын қамал жоқ екенін көрсетті. Дәл осы жеңісімді 2028 жылы Лос-Анджелесте қайталағым келеді. Иншалла, келесі төрт жылдықтың басты додасында осы эмоцияны сыйлау үшін бар күшімді саламын", — деп жазды Сметов.

Ол бұл жетістікке жету жолында маңдай тер мен еңбектің, құрбандық пен тәуекелдің көп болғанын еске алды.

"Арманға жету жолында біз көп нәрседен бас тарттық, көп нәрсені тәрк еттік, көп тәуекелге бардық. Қаншама маңдай тер мен еңбектің ақталған күні. Бұл — барлық марапатымның шыңы", — деді ол.

Сметов Олимпиада жеңісінен кейін өмірінің жаңа кезеңі басталғанын да атап өтті:

"Олимпиада алтынынан кейін ғана мен өмірімді өзіме, отбасыма, жақындарыма арнай бастадым".

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от YELDOS SMETOV (@yeldos60kg)

Елдос Сметов — қазақ дзюдошысы, Олимпиада чемпионы, әлем және Азия біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы. 2024 жылы Парижде өткен Олимпиадада алтын медаль иеленіп, Қазақстан дзюдосының тарихындағы ең ірі жетістіктердің біріне қол жеткізді. Енді ол 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадада ел намысын қайта қорғауды көздеп отыр.