Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа жаңа орынбасар келді. Бұл туралы бүгін, 2025 жылғы 28 шілдеде облыс әкімдігінің әлеуметтік желілерінде белгілі болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әкімнің жаңа орынбасары – бұған дейін осы қызметті атқарған Мейрамбек Шермағанбет.

"Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Мейрамбек Зинабдинұлы осыған дейін атқарып келген Қазалы ауданының әкімі қызметінен босатылды", – делінген дүйсенбі күні облыстық әкімдіктің Instagram парақшасында жарияланған хабарламасында.

Мейрамбек Шермағанбет 1972 жылы 25 желтоқсанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін "Тарих", "Экономика" мамандықтары бойынша, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін "құқықтану" мамандығы бойынша бітірген, педагогика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1994 жылы Жаңақорған ауданындағы No239 мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2001-2016 жылдары Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының басшысы, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, облыстық білім, тілдерді дамыту басқармаларының басшысы, Қызылорда облысы бойынша білім саласындағы бақылау басқармасының басшысы қызметтерін абыроймен атқарды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от QYZYLORDA (@qyzylorda_oblysy_akimdigi)

2016-2021 жылдары – Ақтөбе облысы Қобды ауданының әкімі, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары. 2022-2023 жылдар аралығында Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы қызметін атқарған. 2023 жылғы шілдеден 2024 жылғы ақпанға дейін – Қызылорда облысы әкімінің орынбасары.

2024 жылдың ақпан айынан бастап жаңа тағайындалғанға дейін Қазалы ауданының әкімі қызметін атқарды.

2025 жылдың 21 шілдесінде Марат Пашимов Алматы денсаулық сақтау басқармасын басқарғаны белгілі болды.