Маңғыстау облысында экскурсия барысында отбасылық жұп қайғылы оқиғадан аман қалған. Беларусьтен келген қонақтар жолда өрт шыққан автобустың ішінен әрең құтылған, деп хабарлайды Egemen.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Туристер Татьяна Гуринович пен Дмитрий Проневичтің айтуынша, олар демалыс орнына барудың орнына, нағыз «тозақты» бастан өткерген. Сапар ұйымдастырушылық келеңсіздіктерден басталған: турфирма ешқандай келісімшарт бермеген, ал экскурсияға арналған автобус өте тар,10 ересек адамға арналмаған болып шыққан. Алайда олар сапарға шығуға келісім берген.

15 сағатқа созылған экскурсиядан кейін, кері қайтар жолда, Ақтаудан 90 шақырымдай жерде автобус сынып қалған. Туристердің айтуынша, оларды басқа автобусқа отырғызған, алайда ол автобус толып кеткен және бұзылған автобусты тіркеп келе жатқан. Адамдарды жиналмалы орындықтарға отырғызған.

«Кенеттен аяқ астымда от тұтанып, жалын төбеге дейін жетті. Адамдар үрейге беріліп, айқайлап, сөмкелермен, күртешелермен отты сөндіруге тырысты. Бірақ автобуста бірде-бір өрт сөндіргіш болмады. Жүргізуші келіп, кімнің шылым шеккенін сұрады. Көйлегімнің етегі жанып, аяғым күйіп қалды. Біз күйеуім екеуміз өз бетімізше шығып, жолшыбай көлікпен Ақтауға қайттық», деді Татьяна Гуринович.

Туристер қасиетті орын Қараман атаға сапар кезінде турфирманың мүлде дайын болмағанын да атап өтті. Олар бұл жерге қысқа шолақты шалбармен келуге болмайтынын және әйел адамдарға орамал тағу міндетті екенін ешкім ескертпегенін айтты.

Оқиғадан кейінгі күні, туристердің айтуынша, турфирма өкілдері олардың жағдайын сұрап, байланысқа шықпаған. Кейін туристер өздері операторға хабарласқан. Ол болса, өрттің шығуына жолаушылардың бірінің орындыққа қойған пауэрбанкі себеп болғанын, соның салдарынан орындық тұтанып кеткенін айтқан.

Татьяна мен Дмитрий сапар барысында орын алған барлық кемшіліктерді компанияға көрсеткен. Туроператор оларды жақын арада жоятынына сендірген. Қазіргі уақытта туристер турфирманың атауын жарияламауды сұрап отыр.

«Біздің мақсатымыз жазалау емес, проблемаларды шешу. Адамдардың жұмысынан айырылғанын қаламаймыз. Бірақ туристік компаниялар қауіпсіздік техникасының қарапайым талаптарын сақтап, клиенттерінің өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс», деп түсіндірді олар.