Болат Назарбаевтың қызы, бұрынғы судья Гүлмира Әбішева 50 жасқа толуына орай Алматыда үлкен той ұйымдастырды. Шараға бірнеше шенеунік пен танымал өнер өкілдері қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мерейтойда қонақтар арасында Алатау аудандық полиция басқармасы басшысының орынбасары Асет Көпешбаев, сондай-ақ Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімінің жұбайы да болғаны хабарланды.

Шарада Шешенстаннан келген әнші Шамхан Далдаев ән айтып, мерейтой иесін «бай адам» деп атады. Әбішева кеш барысында Алла Пугачёваның «Вы не верьте, что живу я как в раю» әнін де орындады.

Айта кетейік, Гүлмира Әбішева — мемлекетке 26 миллиард теңге қарызы бар «GB Invest» ЖШС-нің құрылтайшысы. Бұл жағдай әлеуметтік желілерде сынға ұшырап, қолданушылар салық органдарының шағын кәсіпкерлерге қатаң талап қойып, ал ірі қарызы бар тұлғаларға шара қолданбайтынын атап өтті.

Әлеуметтік желі қолданушылары мұндай ашық мерейтойды «салық төлеушілердің бетіне жасалған түкірік» деп бағалап, Әбішеваның әрекетін сынға алды.